Елбасы ұлт мүддесі үшін Түркістанды көркейту керек деген болатын – Мұрат Жұрынов

01.12.2021 21:00

Бүгін – ҚР Тұңғыш Президенті күні

Almaty.tv

ҰҒА Президенті, академик, профессор, химия ғылымдарының докторы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынов еліміз егемендік алып, өз алдына мемлекет болған алғашқы жылдары Елбасының ғасыр жүгін арқалаған күрделі шешімдер қабылдағанына тоқтала келе, сол жылдары өзі басқарған Түркістан мемлекеттік университетінің А. Яссауи атауын қалай иеленгені туралы айтып берді.  

«Мен Нұрсұлтан Әбішұлымен 1991 жылы алғаш рет кездестім. Ол мені өзіне шақыртты да: «Түркістан – біздің рухани астанамыз. Біз қазір егемендік алдық. Енді ұлтымыз үшін Түркістанды көтеруіміз керек» деді. Ол кезде егемендік бар, бірақ тәуелсіздікке әлі толық қолымыз жете қоймаған 1991 жылдың мамыр айы еді.

Түркістан ол уақытта қазіргідей көз сүйсінер әсем қала емес, топырағы, шаң-бораны сыртына шығып жатқан шағын ғана аудан орталығы еді. Президенттің өзі сондай ұсыныс айтып тұрғанда, қалай бас тартуға болады. Мен бірден қуана келісімімді бердім, өйткені ұлттың мүддесі үшін расымен де, Түркістанды көтеру керек болды.

Сөйтіп 1991 жылдың 6 маусымында Президенттің Жарлығы шығып, Түркістан мемлекеттік университетінің атауы Ахмет Яссауи атындағы университет болып өзгертілді», – деп еске алады Мұрат Жұрынов.