Баспанам болады: Алматы облысында көпбалалы отбасына сертификат табысталды

02.02.2024 01:50

Отбасы 6 баламен аядай бөлмеде өмір сүріп келген

Almaty.tv

Алматы облысында көпбалалы отбасы баспаналы болу мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл отбасы отау көтергелі пәтер жалдап келеді. Басты арманы – ешкімге кіріптар болмай, өз баспаналарында өмір сүру. 10 жылдан аса осылай күн көріп жүрген отбасыға қазір мейірімді адамдар үйінің 1 бөлмесінде уақытша тұруға жағдай қарастырған. Бірақ оның өзі апатты жағдайда екен. Жиі-жиі қоныс аударатындықтан балалардың мектепке баруы да қиындаған. Көпбалалы ана балаларына мүмкіндік жасай алмай отырғанымызға қынжылады..

– Осы жерден жалға алып тұратын пәтер таптық, бірақ балалар болған соң иесі тұруға рұқсат бермеді. Басқа баспана іздеп жатырмыз, – деді көпбалалы ана Алина Азизова.

Кезек күтіп сандалған отбасы туралы біз осыдан бірнеше жыл бұрын да айтқан едік. Отағасы құрылыс саласында жұмыс істейді. Бірақ жалғыз оның табысы күнкөріске зорға жетіп отыр. Көпбалалы ананың өзі жұмысқа шыға алмағанымен, көмек ретінде тәттілер пісіруге тапсырыс қабылдайды.

10 жылдан аса үйсіз жүрген көпбалалы отбасы 6 баламен аядай бөлмеде өмір сүріп келген. Балалардың бөлек бөлмесі жоқтығын айтпай-ақ, 6 баланың тар жерде қалай ұйықтайтынын елестетудің өзі қиын.

Бірақ енді қол жетпестей болып көрінген арман орындалды. Еліміздегі қайырымдылық қорларының бірі мүшкіл хәлде қалған отбасына 12 млн теңгенің сертификатын табыстады.  

– Ешкімге баламен пәтер іздеп, қаңғырмасын деп тілеймін. Оңай емес. Әр адамнан сөз есту де қиын. Рахмет, – деді көпбалалы ана Алина Азизова.

Қиын жағдайға тап болған көпбалалы отбасыға қол ұшын созып, қомақты сома бөлген кәсіпкер өз атын құпия қалдыруды жөн көрген. Ал екі ортада алтын көпір болған қор қызметкерлері «алма піс, аузыма түс» деп отыратындарға көмектеспейміз дейді.

– Отбасы бақытқа бөленді. Себеп болған - меценат, бизнесмен кісі. Біздің елімізде осындай жанашыр, жомарт жандар өте көп. Қордың 95 пайызын халық құрайды, – деді «Асар-үме» қоғамдық қорының өкілі Серік Қамбарбаев.

Қоғамдық қордың алда жоспары аз емес. Ал бүгін сертификат алған отбасының балалары енді тұрғылықты жері болса, мектеп бағдарламасынан да қалмайтын мүмкіндікке ие болады.

Жансая Олжабек, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы