Нұр-Сұлтанда көлік жолымен жүруге мәжбүр болған тұрғындар Президентке хат жолдады

13.04.2021 01:42

Жанымызды шүберекке түйіп, ауыр жүк машиналары қағып кете ме деген үреймен өтеміз дейді

Нұр-Сұлтан қаласында алып тұрғын үй кешенінің халқы жүргіншілер жолының жоқтығынан көлік жолымен жүруге мәжбүр. Жанымызды шүберекке түйіп, ауыр жүк машиналары  кете ме деген үреймен өтеміз дейді. Оның үстіне ол жолдың да тозығы жеткен. Алты жыл бойы уәдеге әбден тойған жұртшылық Президентке де қағыпхат жолдапты. Almaty.tv тілшісі Қаламқас Нысанбай толығырақ тарқатады.

Тұрғындардың айтуынша, бұл көшеде 6 жылдан бері жол жоқ. Тек осыған дейін уақытша тас төселген. Алайда оның өзі бүгінде жүруге жарамай қалған. Себебі күн сайын ауыр жол көліктері осы жолмен өтеді. Ал, былтыр әкімдік бұл жалғыз жолды да жабамыз деген көрінеді. Бірақ халық наразылық танытып, жолды жаптырмаған.

«Балаларды балабақшаға апару, мектепке, сыныпқа апаруға оның барлығы қандай қиыншылық тудырады. Бұның барлығы негізсіздік деп ойлаймын. Әкімдік қай-қайдағы бір заттарды ойлайды. Ал, бұл өте қоғамдық жағдай деп ойлаймын. Ары қарай барып көрсеңіздер, балшыққа батып қаласыздар», – деді қала тұрғыны Нұржан Мәліков.

Шынымен балшық жолда жүру мүмкін емес. Тұрғындардың сөзінше, әкімдік жолды салмай тұрып бір жыл ішінде кәріз жүйесін орнатып барып, жол төсеп береміз деген. Алайда ол уәде жүзінде қалған. Енді салдарынан халық дүкенге, не аялдамаға жетуде қиналатынын айтады.

«Көшіп келгелі біз 6-7 рет сусыз отырдық. Өздеріңіз ойлаңыздар, мынадай 9 қабаттық үйде 100 пәленбай пәтер бар. Қос смарт ситида қаншама пәтер бар. Адамдардың барлығы сусыз отырдық сағат екіге дейін деп береді де, жарты күнге деп суды жинап қоясың. Ал ол жарты күніміз үш күнге кетіп қалады», – деді қала тұрғыны Әсем Қали.

Қазір көшенің сиқы мынадай. Бұл жерден адам түгілі көліктің де жүруі қиын. Тұрғындардың сөзінше, шақырған азық-түлік жеткізуші де, такси де, тіпті жедел-жәрдемнің келуі қиын. Салдарынан енді тұрғындар аяқтарына резеңке етік немесе осындай салафан киіп жүруге мәжбүр.

Ал, әкімдіктегі мамандар аталған көшенің мәселесі биыл шешіледі деп отыр.

«Жобаны іске асыру бойынша 2020 жылы қаражат бөлінді. Бүгінгі таңда қаржыландыру аясында кәріздік сорғы станцияларын салу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, 2021 жылы басқарма Төле би көшесі бойынша Е-10-нан Е-22 көшесіне дейінгі учаскеде жол жүруді қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Ауа райы қолайлы болған кезден жұмысты бастап кетеміз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы көлік және жол-көлік инфрақұрылымы басқармасының бас маманы Нұрсұлтан Мұттахиденов.

Әкімдіктің осындай уәдесінен шаршаған тұрғындар болса, шенеуніктердің мәселені кабинетте емес, түйткілді өз көзімен көріп шешуін талап етеді.

«Әкім келіп кішкене өзінің кабинетінен шығып мына халықтың үні құлағына жетсе екен дейміз. Келіп мына жолды бір өзі жүріп өтсе мүмкін біздің неліктен қазір ашыну үстінде екенімізді түсінетін бе еді», – деді қала тұрғыны Гаухар Құлымбетова.

Тұрғындар түгілі бізге камера алдына шығып сұхбат беруден бас тартқан басшыларға сенуден қалған жұртшылық президентке де хат жазыпты. Сондықтан биылдан қалмай жолдары жөнделіп, жаяу жүргіншілер жолы салынып үйдің маңы аббатандырылады деп үміттенеді.  

Қаламқас Нысанбай