Жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен Тағдыр» атты кітабының тұсаукесері өтті

23.01.2020 19:16

Туындының ағылшын тіліндегі нұсқасы Лондон қаласында басылып жатыр

открытые источники

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Сәуле Досжанның «Қасірет пен Тағдыр» деп аталатын кітабының тұсаукесері өтті. Шығармада Семей ядролық полигонының қасіреті шебер суреттелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Шығарманы жазудағы мақсат – Семей ядролық полигоны Жапониядағы Хиросима жарылысынан, Украинадағы Чернобыль апатынан кем түспейтінін көрсету. Туындының жарық көруіне жазушының жары – Сәт Тоқпақбаев себепкер болған. Роман қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. Басты кейіпкер - сол заманның қиындығын көрген Аяулым. Автордың сөзінше, басты кейіпкердің қиын тағдыр бейнесіне жазушы өзін негізге алған.

«Мысалы, атом бомбасы кезінде сынаққа байланысты, Қайнар синдромы деген ауру анықталған екен. Ол ауру 300 жылға дейін ұрпақтан-ұрпаққа беріледі депті үлкен ғалымдар. «Енді сіз халықтың жағдайын жазыңыз», деп маған үлкен міндет жүктеп жіберген еді. Қазір соны жазу үстіндемін», – дейді жазушы Сәуле ДОСЖАН.

30 тараудан тұратын «Қасірет пен Тағдыр» шығармасы соңғы жылдары қазақ әдебиетінің алыстап бара жатқан көлемді роман жанрын да жаңғыртқан. Сондай-ақ, туындының ағылшын тіліндегі нұсқасы Лондон қаласында басылып жатыр. Автордың сөзінше, болашақта кітаптың ақылы электронды нұсқасы да оқырманға жол тартады.