|
18.11.2020 | 16:01
3212

Алматыда туберкулезбен сырқаттану деңгейі 25%-ға төмендеді

Медицина мамандарының айтуынша бұл өте жақсы көрсеткіш

Алматыда туберкулезбен сырқаттану деңгейі 25%-ға төмендеді Almaty.tv

Пандемияға қарамастан алматылықтардың арасында туберкулезбен сырқаттану деңгейі 25 пайызға төмендеді. Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, қазір диспансерлік есепте 700-ге жуық науқас тұр. Ал өткен жылы олардың саны 867 болған. Медицина мамандарының айтуынша бұл өте жақсы көрсеткіш. Туберкулезге тегін тексеруді қайдан өтуге болады? Дәрігерлер инфекциядан қалай қорғануға кеңес береді? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.

65 жастағы Бақытжан Аманжолова екі апта бұрын өз ағзасынан туберкулезге ұқсас белгілерді байқаған. Ауыр жөтел, тамақтың қышуы сонымен қатар әлсіздікті сезінгеннен кейін зейнеткер бірден дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Бірақ рентген түсірілімі өкпесінің таза екенін көрсетті.

«Бұрын жұмысыма байланысты мүлдем бос уақытым болмайтын. Тиісінше дәрігерге уақытылы қаралуға мүмкіндік болмады. Уақыт өте келе көптеген аурулар мазалай бастады. Қазір жағдайды ушықтырмас үшін әрдайым емханаға барып,  дәрігерлерден кеңес алып, терапевтке қаралып тұрамын», – деді қала тұрғыны Бақытжан Аманжолова.

Туберкулезді емдеу ұзақтығы аурудың түріне байланысты 8 айдан бір жылға дейін созлуы мүмкін. Егер науқаста иммун тапшылығы вирусы және қант диабеті сияқты қатар жүретін аурулар болса, оны емдеу оңай болмайды. Сондықтан дәрігерлер жылына кемінде бір рет флюорографиядан өтуге кеңес береді. Ал биыл пандемияға байланысты туберкулездің алдын алу айлығы әдеттегідей наурыз айында емес, қараша айында басталды. Флюорографиялық тексерумен қатар алматылықтар барлық қалалық емханаларда тегін кеңес ала алады.

«Туберкулезбен көбіне белгілі бір қауіп-қатер тобына кіретін адамдар ауырады. Олардың қатарына алкогольге тәуелді адамдар, нашақорлар, қант диабетімен ауыратын науқастар, өкпесі ауыратындар, ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар кіреді. Сондай-ақ, жабық мекемеде туберкулезбен ауруына шалдыққан адаммен жабық мекемеде отыру өте қауіпті. Сондай-ақ, бұл аурудың ашық түрімен ауыратын науқаспен байланыс жасауға болмайды», – деді қалалық № 5 емхананың дәрігер-фтизиатры Шахбат Дәрменқұлова.

 Туберкулезге тән негізгі белгілер:

• 2-3 апта немесе одан көп уақытқа созылатын жөтел;

• кеудедегі ауырсыну;

• қақырықта қанның болуы;

• түнде терлеу;

• температураның мерзімді жоғарлауы;

• әлсіздік;

• перифериялық лимфа түйіндерінің ұлғаюы.

Дәрігерлердің айтуынша 2-3 апта немесе одан көп уақытқа созылатын жөтел, кеудедегі ауырсыну және қақырықта қанның болуы мен түнде терлеу туберкулездің басты белгілеріне жатады. Сондай-ақ температураның мерзімді жоғарлауы, әлсіздік пен перифериялық лимфа түйіндерінің ұлғаюы болған кезде бірден өкпені тексеруден өткізген жөн.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир