Ғасыр жасаған панфиловшы

10.09.2021 в 21:02

Қайырлы Жоңқабаев – атақты Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері

Ғасыр жасаған соғыс ардагеріне Алматыда зор құрмет көрсетілді. Қайырлы Жоңқабаев атақты Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері. Бүгін қарт майдангерді  қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Президент атынан құттықтап,  кеудесіне «Еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Жүз жасаған ардагер жауынгермен Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын тілдесіп келді.

Бүгін 100 жасаған Қайырлы Жоңқабаев ардагерге құрмет өзгеше. Қала басшылығы оны ерекше сән-салтанатта қарсы қалды. Елінің амандығы үшін жан берісіп күрескен тұлғаларға қалай құрмет көрсетсек те аз.  

Ардагер 100-ге келсе де қуаты қайтпаған. Бүгінде 5 баладан 7 немере, 14 шөбере сүйіп отыр. Өзінің бақытты екенін айтқан қарт майдангер енді шөпшегінің өмірге келгенін көрсем дейді. Бүгін мерей-той иесін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев салтанатты шараға шақырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Иығына шапан жауып, сый құрмет көрсетті.

1941 жылы Отанын қорғауға аттанған қазақ сарбазы небәрі 20 жаста еді. Калининград майданында, Москва түбіндегі және Ржев шайқасына қатысып, алапат соғыстың бар тауқыметін көрген. Әйгілі Панфилов басқарған 316 атқыштар дивизиясының құрамында болды. 100 жасаудың құпиясы салауатты өмір салтын тұраты сақтау дейді қарт жауынгер.

«Жауыңды өлтірмесең, жауың сені өлтіреді. Жастарға айтарым спортпен айналысу керек, тәртіп пен ынтымақ болу керек. Дендері сау болсын, аман-есен болсын», – деді соғыс ардагері Қайырлы Жоңқабаев.

Шығыс Қазақстан облысының тумасы кейін елге оралып, әр түрлі басшылық қызметтер атқарады. 82 жылдың көктемінде зейнетке шыққан ардагер бүгінде балаларымен немерлерінің ортасында бақытты өмір сүріп келеді.

«Жанұямызда үлкен мейрам. Асқар таудай әкеміз 100-ге келіп жатыр. Мен арнайы Нұр-Сұлтаннан келдім. Ең үлкені мен боламын. Әкеміз 80 жасқа дейін саяжайға барып, жұмыс істеп жүрді. Ауырып қалған уақытта жаныңызға шақыра қалсаңыз, қай қағаз қай жерде тұрғанын бәрін айтып береді, әлі күнге дейін ақылын айтып отырады», – деді Қ. Жоңқабаевтың қызы Әсия Қалманбетова.

Мұнымен мерейтой аяқталған жоқ. Ардагерді үйінің алдында Ұлттық  ұланның 5571 әскери бөлімінің оркестрі сән салтанатпен күтіп алды. Соғыс жылдарындағы әндерді орындап, қарт жауынгерге қошемет көрсетті.

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов «Алматы» телеарнасы