Бүгін барша мұсылман үшін қасиетті – Қадір түні. Исламда бұл түні жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды деген ұғым бар. Мың айдан қайырлы бұл түнді рухани дүниені байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылықты арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізген абзал, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әдетте, осы түнде Алматы мешіттері дұға оқып, жамағатқа толатын. Бірақ биыл елдегі жағдайға байланысты олай болмады. Қаладағы Алла үйі уақытша жабық. Имамдар Қадір түнін қалай қауіпсіз қарсы алу керек екенін айтты. Қандай амалдар жасау керек? Мешіттер қашан ашылады? Қаланың бас имамы не дейді?
Жыл сайын қасиетті рамазан айының қадір түнінде Алматының орталық мешітінің ішінде ине шаншар орын болмайтын. Алайда өздеріңіз көргендей Алла үйінің есігі уақытша жабық. Әлемдегі, Қазақстандағы жағдай осындай шешім шығаруға мәжбүрледі. Өйткені адам денсаулығы бірінші кезекте. Сондықтан имамдар Қадір түнін үйде қарсы алып, құлшылықты үйде жасауға шақырып жатыр.
Жаһанды жалмаған індет әлемді әбігерге салды. Салдарынан биылғы рамазан айы да үйреншікті түрде өтіп жатқан жоқ. Жылдағы мешіттерде берілетін ауызашар мен тарауық намаздары тоқтатылды. Ондай шаралар үйде жасалуда. Қадір түні де солай болмақ. Ал, айтылатын уағыздар мен хатым құран өзгеше өткізіледі.
«Мешітте онлайн шараларды өткізейін деп жатырмыз. Осы өзіміздің парақшаларымыз, ютуб каналдарымыз арқылы орталық мешіттен сағат 23.00-ден бастап, онлайн дәрістер, онлайн хатым құран және сұрақтарға жауап беру онлайн түрде өтеді. Ол бағдарлама 01.30-ға дейін жалғасатын болады», – деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.
Пандемияға байланысты жамағат мешіттерге бармайды. Үйде отырып та, құптан мен тарауық намазын оқығаннан кейін отбасымен бірге дұға-тілек жасаған дұрыс дейді имам.
«Бала-шағамызға бір құран оқып беріп және хадис кітаптарын оқып беріп, сонымен қатар мешіттерден, астанадан да таратылатын онлайн шаралар болады. Онлайн шараларға бала-шағамызды қатыстырып, игі іс жасап, дұға-тілекпен өткізгеніміз абзал», – деді Алматы қаласының бас имамы Еркінбек ШОҚАЙ.
Қаланың бас имамы азаматтардың мұндай шешімге түсіністікпен қарап жатқанын айтады. Сондай-ақ, имам онлайн болатын шараларды Azan.kz орталық мешіттің сайтынан және инстаграм мен youtube.com каналынан көре алатынын жеткізді. Айта кетейік, мегаполистегі мешіттер 25 мамырдан кейін біртіндеп ашылуы мүмкін.
Өмір Әнуарбек, Валерий Таубалдиев, «Алматы» арнасы