Коронавирустың таралуына дейін жүргізілген халықаралық зерттеулер бойынша 2020 жылдың басында әлемдік компаниялардың 16 пайызы толығымен қашықтан жұмыс істеген
Қашықтан жұмыс істейтін қызметкердің жалақысы төмендетілмейді. Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеудің құқықтық реттелуін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Коронавирустың таралуына дейін жүргізілген халықаралық зерттеулер бойынша 2020 жылдың басында әлемдік компаниялардың 16 пайызы толығымен қашықтан жұмыс істеген. Ал, 40 пайызы аралас жұмыс режимін қолданыпты.
«Қашықтан жұмыс істеуге ауысқан қызметкерлердің тап болған өткір мәселелерінің бірі – коммуникация құралдарымен, компьютерлермен және басқа да құралдармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты заң жобасында көзделген нормаға сәйкес, төтенше жағдайды енгізу, жариялау және шектеу ісшараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезеңінде уақытша қашықтан жұмыс істеу кезінде жұмыскерлерді коммуникация құралдарымен қамтамасыз ету және шығыстарды өтеу қажеттілігі жұмыс берушінің актісінде айқындалады», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нариман Төреғалиев.