Көлікте бала отырғанда темекі тартқандар енді айыппұл төлейді

13.05.2020 21:32

Мұндай заңбұзушылық үшін 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделіп отыр

Фото : avtoblog.ua

Бүгін қоғамда резонанс тудырған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекс пен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданып, Сенатқа жіберілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Екі мәселеге қатысты баяндама жасаған Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуреш Аманжолова халық денсаулығына қатысты негізгі өзгерістерге тоқталды.


«Кәмелет жасына толмағандарға темекі және темекі бұйымдарын сатқаны, темекі бұйымының маркасы бар тауарларды қасақана таратқаны, көрмеге қойғаны немесе сатқаны үшін әкімшілік айыппұлдар 2 есеге өсті. Ал темекі және темекі бұйымдарын сату жөніндегі заңнама талаптарын, оларды белгіленбеген орындарда тұтынуға салынған тыйымды бұзғаны, заңсыз жарнамалағаны үшін әкімшілік айыппұлдардың мөлшері 30-50%-ға ұлғайтылды. Автомобиль көлік құралында балалар болған кезде онда темекі бұйымдарын тұтынғаны үшін 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл көзделіп отыр», - деді Зәуреш Аманжолова.


Бірінші рет заң бұзғаны үшін 15-тен 100 АЕК-ке дейін (41 670 теңгеден 277 800 теңгеге дейін), ал заң бұзушылық қайталанса, онда 30-дан 200 АЕК-ке (83 340 теңгеден 555 600 теңгеге дейін) дейін айыппұл салынады. Автокөлікте балалар отырған кезде шылым шеккені үшін 10-нан 20 АЕК (27 780 теңгеден 55 560 теңгеге дейін) дейін айыппұл көзделген.