Тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз деген Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында өзекті мәселелерге баса назар аударды
«Егемендік дегеніміз - жалаң ұран мен жалынды сөз емес». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауын осылай бастады. Президент Тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына қадам басқалы тұрған еліміздің еңселі жетістіктері мен еңсерген қиындықтары бірлік пен ынтымақтың арқасында екенін қадап айтты. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері Жолдауға қатысты пікірлерімен бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тәуелсіздік біздің ең қастерлі құндылығымыз деген Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында өзекті мәселелерге баса назар аударды. Елімізде о бастан қалыптасқан береке-бірлік егемендікті нығайту жолында кездескен қиындықтармен күресте маңызды рөл атқарғанына тоқталып өтті.
«Егемендік еліміз үшін жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал, бүгінде 120 адам еңбектенетін ірі кәсіпорынды басқарып отырған Абдухалил Долкунтай жеткен жетістіктерін көпұлтты елдегі бейбіт заманмен байланыстырады. Оның айтуынша, жыл сайынғы Мемлекет басшысының Жолдауында халық бірлігі мәселесі шет қалмайды, әрі өзекті тақырыптар қозғалады.
«Біздің бірінші байлығымыз – халқымыз деп атап өтті. Соның ішінде біз көпұлтты мемлекетпіз. Өзім ұйғыр ұлтынанмын. Қазақстанда ешқашан қиындық болмаған. Бұл біздің бірлігіміздің арқасында», – деді Қазақстан Ұйғырлар қауымдастығының Алматы қалалық филиалы төрағасының орынбасары Абдухалил Долкунтай.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Жолдауда белгіленген тапсырмаларды орындап, алға қойған мақсатқа қол жеткізуге бір кісідей атсалысуға әзір. Гахраман Садиев «ел басынан өткен қиындықтардың ешқайсысы елеусіз қалмады, енді жұрт болып бірлігіміз ажырамай, еңбектенуіміз керек» дейді.
«Еліміздегі бірлік пен берекені сақтай отырып, бұдан биік-биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Көпұлтты мемлекеттердің ішінде біздің елдегідей бейбіт өмірді көп кездестіре бермейміз. Біз ел дамуы үшін барымызды салып, еңбектенуге дайынбыз», – деді Алматы қаласы Әзірбайжандар қауымдастығының төрағасы Гахраман Садиев.
Жалпы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары айқындалды. Бұл Қасым-Жомарт Тоқаевтің үшінші Жолдауы.
Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы