Іле Алатау ұлттық паркіндегі оқу-жаттығу: 2 гектарға шарпыған өрт сөндірілді

28.05.2021 03:00

Екі тікұшақ сифондық құрылғыларлармен су шашып өтті

Almaty.tv.

Іле Алатау ұлттық паркінде өрт шықты. Оқиға болған аймаққа құтқару қызметі мен өрт сөндірушілер бірден жетті. Қызыл жалын 2 жарым гектар аумақты шарпыған. Тілсіз жауды ауыздықтауға 210 адам мен 28 арнайы техника және 2 әуе ұшағы тартылды. Төтеншеліктер қауіпті толығымен алдын алды. Өрт неден тұтанған? Таулы аймақта демалушыларға қандай талаптарды ескеру қажет? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын айтады.

Төтенше жағдайдың орын алғаны туралы орталыққа хабар бүгін таңғы сағат 10:45-те келіп түскен. Қызыл жалын қатты желдің әсерінен орман паркінің аумағына тез таралып, жақын маңдағы демалушылар эвакуцияланды. Тілсіз жау таудың жоғарғы бөлігінде тұтанғандықтан, авиациялық техника да тартылды. Екі тікұшақ сифондық құрылғыларлармен су шашып өтті.

Төтенше жағдай болған мекенге тікұшақ жоғарыдан келіп, құтқару қызметі арқанмен тікелей сол жерге түсіп жатыр. Мамандар зардап шеккен адамды қазір тау етегіне алып келеді. Бұл жерде жедел-жәрдем қызметкерлері сақадай сай тұр. Олар қазір алғашқы көмек көрсетуге дайын.

Бұл арнайы сценарийге құрылған оқу-жаттығу жиыны болатын. Мақсат – қауіпсіздік шараларын жүйелі түрде қамтамасыз ету, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай кезінде топтың дайындығын арттыру.

«Өрт неден болады? Сөндірілмеген темекіден, өшірмеген оттан болады. Қалдырылған әйнектің көздерінен күн түскеннен ол қызып, өрттің себебі содан болуы мүмкін. Әр адам қауіпсіздік шараларын сақтап отырса, қауіптің алдын аламыз», – деді  қалалық ТЖД бастығы Руслан Қасыбаев.

Оқу-жаттығу жиынына иісшіл иттер де қатысты. Төтенше жағдай кезінде қар астында қалған немесе таулы аймақта жоғалған адамды іздеуде олардың көмегі аса маңызды. 10 жыл бойы кинология саласымен айналысып келе жатқан Мадияр Махметов төрт аяқты жануардың түріне қарап қауқарын жазбай таниды.  

«Итке зардап шеккен адамды табу бұл кішкентай баланың ойыншық тауып алғанымен бірдей қуаныш сыйлады. Сол себепті төтенше жағдай кезінде бұлар бар ынтасымен жұмыс істейді. Бүгін ол жұмысын өте жақсы атқарды», – деді кинолог Мадияр Махметов.

Таудың орманды алқаптарында от жағуға тыйым салынған. Төтеншеліктер жыл басынан бері 34 рейд жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде 102 заңбұзушылық анықталған. Ерекше қорғалған аймақта от жағып, қауіп төндірген азаматтарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

Ұлағат Арғын, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы