Талдықорғандықтар жаңа тұрғын үй кешенінің салынуына қарсылық танытты

26.03.2024 21:02

Ал салаға жауаптылар «құжат дұрыс, бәрі заң жүзінде істеліп жатыр» дейді

Almaty.tv

Талдықорғандықтар жаңа тұрғын үй кешенінің салынуына қарсы. Қараша көп қабатты ғимараттың салынса, ауланы тарылтып, көлік пен адам жүруіне ыңғайсыздық тудырады деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Талдықорған қаласындағы 9 ықшамауданы тұрғындары бүгін таңмен жиналды. Олар жаңа тұрғын үйдің салынуына қарсы. «Балаларымызға берілуі тиіс алаңқай қайда?» деген жұрт мәселенің мән-жайын білмек болып, әкімдіктің табалдырығын тоздырған.

– Бастапқы үйді таңдаған кезде бұл жерде саябақ болады деп айтылған. №29 үйде 110 тұрғын тұрамыз. Көпбалалы ата-аналар да бар. Менің 2 балам бар. Аллергик балалар бар, шаң-тозаң болады. «Жоба бойынша жасыл алаң салынады» деген соң, осы үйді таңдадық, – деді облыс тұрғыны Анар Қадырова.

– Үй о баста салынуы керек еді. Көшіп келіп алдық. Менің кішкентай балам бар. Ертең есік алдында ойнаса, көліктер жүреді, баламның қауіпсіздігіне алаңдаймын, – деді облыс тұрғыны Ұлдана Болысбек

Көпқабатты бірнеше тұрғын үй бір-біріне тығыз орналасқан. Әр үйде шамамен 110 пәтер бар. Тұрғындар сөзінше, көлік қоятын арнайы тұрақ та жоқ.

– Көлік тұрағы жоқ. Көріп тұрсыздар ғой, машиналар бір-біріне тақалып тұр. Кейбірі жолдың шетіне қояды, – деді облыс тұрғыны Мейіржан Ұражанов.

Ал салаға жауаптылар «құжат дұрыс, бәрі заң жүзінде істеліп жатыр» дейді. Олар сондай-ақ тұрғындардың демалуы үшін қолайлы жағдай жасалып, саябақ салынады деп сендірді.

– Құрылыс бастапқыда жобаланған болатын. 2020 жылы 8, 9,10 аудандағы құрылыс жоспарын бекіту кезінде үй салу қарастырылған. Аудандағы скверді жоғарғы жақта 1 гектардай жерге салу жоспарланған. Бірақ ол жұмыстардың қашан басталатыны белгісіз, – деді Талдықорған қалалық сәулет-құрылыс бөлімінің басшысы Данияр Шалғынбаев.

2020 жылы бас жоспары бекітілді деген тұрғын-үйдің құрылысы не себепті енді ғана қолға алынып жатқаны белгісіз. Бұл сұраққа қалалық құрылыс бөлімінің өкілі де жауап бере алмады.

– Кішігірім кедергілер болды. Қызметке енді кірістім, тұрғындарға қалай түсіндірілгенін білмедім. Негізі егжей-тегжейлі жоспар көрсетілуі керек болған, – деді Талдықорған қалалық Құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Қайыржанов.

Мәселенің мән-жайы әлі біржақты бола қоймағанына наразы жұрт енді жауапты ведомствоға шағымданбақ. Ал өңірлік әкімдік өкілдері әзірге нақты шешім шығара қоймайтын сыңайлы.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Елімізге жалған құжатпен 45 жүк көлігі кіргізілген