Түркістан қаласының жеке дизайн коды енгізілмек

18.09.2024 21:02

Мамандардың сөзінше, рухани қаланың сәулеті ұлттық негізде болмақ

Almaty.tv

Түркістанда салынатын нысандардың биіктігі мен түр-түсіне арнайы талаптар қойылады. Рухани шаһардың жеке дизайн коды да енгізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Түркістан өңірінің негізгі драйвері – туризм. Сондықтан мұнда аталған саланы дамыту, оның әлеуетін арттыру – бүгінгінің басты талабы. Былтыр өңірге 1 миллионнан аса адам зиярат етуге келген. Ал биылғы алты айдың өзінде бұл көрсеткіш 750 мыңнан асып отыр. Келетін туристерге сапалы қызмет көрсету де басты назарда. Көне шаһар облыс болып құрылғалы жаңадан 72 қонақ үй салынған.

– Заң жобасы қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Қазіргі уақытта қалаға тартылып жатқан инвестиция көлемі 160 млрд теңге болса, 20 пайызы республикалық бюджеттің инвестициясы, қалғаны жергілікті және кәсіпкерлер тарапынан тартылып жатыр. Соның нәтижесінде қалада салынып жатқан қонақүйлердің саны 65-тен асты, – деді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – саяхатшыларды тартатын ең негізгі нысан саналады. Заң қабылданса, қала аумағында тарихи-мәдени мұра объектілеріне қауіп төндіретін құрылыс пен шаруашылық қызметті жүргізуге тыйым салынбақ. Бұл жұмыстарға байланысты Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзыретті беру көзделген.

– Алты жылдың ішінде облыс статус алғалы Түркістан қаласыдағы өзгерістер бәрімізге мәлім. Жаңадан берілген мәртебе елімізге, тарихымызға, егемендігімізге де маңызы бар деп ойлаймын, – деді облыстық мәслихаттың депутаты Инара Намазбаева. 

Соңғы алты жылда Түркістан қаласының халық саны 60 мыңға өскен. Соған сай, қалада жаңадан 224 жаңа тұрғын үй салынып жатыр. Өңірдегі қоғам белсенділері «шаһарға ерекше статус берілсе, қаланы дамытуға үлкен мүмкіндік сыйлайды» дейді.

– Ерекше статус берілуі Түркістанға мол мүмкіндіктер береді. Әсіресе республикалық маңызға ие болады. Мегаполистармен бірдей мәртебе алады. Оларға бөлінетін қаржы Түркістанға да қарастырылады, – деді Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы Айдар Сейдазым.  

Айта кетейік, заң аясында қаланың бірыңғай дизайн кодын әзірлеу мен сәулет келбетін қалыптастыру жұмыстары қолға алынады. Мамандардың сөзінше, рухани қаланың сәулеті ұлттық негізде болмақ. Сондай-ақ шаһарда қызмет көрсету деңгейін жетілдіріп, ұлттық қолөнер саласын дамытуға да қаржылай қолдау көрсетіледі.

Нұркен Әкімхан, «Алматы» телеарнасы, Түркістан облысы

Оқи отырыңыз: Almaty TV-де жаңа маусым басталды