Тіл көзден сақтайды: Супермамаситаның қызыл жібін сатып алғандарға журналист ескерту жасады

Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден
Құны 4500 теңге болатын жіп бала көтеруге, қызметте өсуге көмектеседі-міс
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Журналист, блогер Өркен Кенжебек Супермамаситаны сынға алды. Ол қызыл жіп сатып, елді бақытты етемін деп жүрген блогер Әлия Байтұғаеваның әрекетін Алла алдында үлкен күнә деп есептейді.

Журналист жіп сатып алатындарға үндеу тастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Экспресс К сайтына сілтеме жасап.

"Супермамасита" атымен танылған әйгілі блогер Әлия Байтұғаева қызыл жіп сатамын деп елді тағы дүрліктірген еді. Оның қасиетті жерлерді аралап, бойына жақсы энергия жинаған жібін сатып алуға қазірдің өзінде 77 мың адам ниет білдірген. Құны 4500 теңге болатын жіп бала көтеруге, қызметте өсуге көмектеседі-міс.

"Қызыл жіпті ежелден тіл-көзден сақтау үшін таққан. Жіп оқытылған, қасиетті мекендерге барып бойына жақсы энергияларды жинаған. Бұл жіп сіздің өміріңізге жақсылық әкеліп, қуаныш сыйлайды. Қызметіңіз жоғарылып немесе бала көтеруіңіз мүмкін. Кеше осы жіпті алуға 77 мың адам ниет білдірді", - деді Супермамсита.

Аты әйгілі әйелдің бұл әрекеті қоғамда қызу талқыланып жатыр. Қарапайым халықтан бастап, танымал адамдар да бұған қатысты өз пікірін білдірді. Мәселен, белгілі блогер Өркен Кенжебек қызыл жіпке сенім артып, одан медет сұрау санасыз адамның тірлігі дейді.

"Аюдың табаны, қасқырдың тырнағы, мысықтың тасағы, жасыл шұлық, сары банан, қызыл жіп немесе шүберек Құдайдың маңдайға жазып берген ешбір сынағынан құтқара алмайды. Бізге тиісті берілген ырзық-несібені көтере алмайды немесе ҰБТ-дан жоғары балл алып бермейді. Қызметімізді жоғарылатпайды және бала туғызып бермейді деген ақиқатты дипломы түгілі аттестаты жоқ қойшының өзі әлдеқашан түсініп қойған секілді көрінетін. Сөйтсем, өкінішке қарай, осыған сенетіндер көп екен", - деді Өркен Кенжебек.

Ол жіпті сатып алуға 77 мың адамның ниет білдіргенін қорқынышты жағдайға балап отыр.

"Құдай сақтасын қасиетті Рамазан айында ешкімді кінәлағым, жамандағым, тіпті ешкімге ақыл үйреткім келмейді. Дегенмен, 7 миллиондай оқырманы бар әйгілі қазақ блогері, ана, әйел қателессе, о дүниеге сенсе де, сенбесе де өзі жауап берер. Бірақ оның артынан 77 мың адамның қателесуіне себеп болу... Өйткені осыншама адам жіптен медет сұрап, оны 4500 теңгеге сатып алуға дайын отыр. Бұл енді қоғамдағы рухани, имани ахуалымыздың қаншалықты дәрежеде екенін көрсетті. Қызыл жіп еш нәрсеге көмектеспейді. Адаспаңыздар!" - деді Өркен Кенжебек.

Блогердің бұл жазбасына өнер жұлдыздарынан бастап, қарапайым оқырмандарға дейін түрлі пікір қалдырған.

"Алла сақтай көр! Соған сеніп кеткендерді айтсашы", "Африкадан энергетикалық нәрсе жоқ па екен? Әкеліп сатпадыңыз ба? Өте керемет пост! Браво!", "Керемет! Мысықтың тасағын қайдан алам енді?", "Түкке тұрғысыз бір жіпке бола діннен шығып кетуімізден сақтасын Алла", "Аңқау елге–арамза молда", - деп жазды желі қолданушылары.

Новости партнеров