Елордада салынғанына жарты ғасырдан асқан үйдің апатты деп танылмауы тұрғындардың ашуын туғызды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жұрт жөндеу жұмыстарын тек қағаз жүзінде ғана жасады деп әкімдікке кінә артады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда салынғанына жарты ғасырдан асқан үй апатты жағдайда. Потанин көшесіндегі үйдің тұрғындары үреймен өмір сүріп келе жатқанын айтып шағымданды. Себебі ғимараттың сау-тамтығы қалмаған. Әкімдіктен үйді апатты деп танып, сүруге жіберуді сұрап отыр. Бір қызығы 2014 жылы жатақхананы қалыпқа келтіруге 16 миллион қаржы жұмсалыпты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл үйді жөндеуге 16 миллион теңге жұмсалған. Жұрт жөндеу жұмыстарын тек қағаз жүзінде ғана жасады деп әкімдікке кінә артады. Қыруар қаржы кеткен үйдің сыйқы мынадай болмайды деп наразы. Тұрғындардың сөзінше, жер төлелерінің де ылғалдығы жоғары болғандықтан, үй құлауға шақ тұр. Ал, қаңтар айының өзінде жылу құбырлары 7 рет жарылған. Онымен қоса, төтенше жағдайға арналған қосалқы кіреберісті де жақында жауып тастапты.

«Үйді көріп тұрсыз, апатты жағдайда. Тіпті, іргетастан шатырға дейін жарықшақ пайда болған. Ол стяжкамен тұр. Электр сымдары да апатты жағдайда. Өрт болған жағдайда қосымша есік те мұнда жоқ. Ертең өрт  болып қалса, өзіңіз білесіз ғой. Бірдеңе болып қалса, сонда ғана келеді. Мында екі жатақхана болды, сүрілді. 16 миллионға түбіртек келген. Білмейміз не үшін төлеп жатқанымызды», – деді қала тұрғыны Сексенбай Есілбаев.

Халықтың айтуынша, 5-қабатқа дейінгі қабырғалардың барлығы ылғалдан опырылып түсіп жатыр. Ал, әкімдік болса өздерің ақша жинасаңдар, қабырғаларды бояп береміз депті.  

«Осы үйді алғаныма 5-6 жыл болды. Бірақ та бұл үй адам тұратын үй емес. Мен қазір бұл үйде тұра алмаймын. Келіп қарап кетемін, бірақ үй күннен күнге нашарлап барады. Қабырғасы жарылған. Түнде ұйықтап жатқанда жанып кетсе, мынау бір есіктен ешкім шыға алмайды. Толып жатқан бала мынаның ішінде», – деді қала тұрғыны Нәзира Айтқұлова.

Ал, Сарыарқа ауданы әкімдігінің тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Андрей Марченконың айтуынша, бұл үй апаттық жағдайдағы үйлердің тізіміне кірмеген. Ал, мұндай жағдайға жеткеніне халық кінәлі дейді. Себебі күтіп ұстамаған-мыс.

«Бұл жатахана сүрілуге кетпейді. Себебі үйдің 57 пайызы апатты болып табылмайды. Ал, сүрілуге жіберу үшін үйдің 61 пайызы апатты жағдайда болуы тиіс. Сонымен қатар, 2014 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша 15 миллионға күрделі жөндеу жұмыстары жасалған болатын», – деді Сарыарқа ауданы әкімдігінің тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Андрей Марченко.

Тұрғындардың әкімдікке қойып отырған талабы – үйді апатты деп тану. Үйге қыруар қаржы жұмсап жөндегеннен еш пайда жоқ дейді. Әкімдік болса, 16 миллион теңгенің қандай мақсатқа жұмсалғаны туралы мардымды жауап бермеді.

Қаламқас Нысанбай


Новости партнеров