500 мың теңгеден қарыз: Нұр-Сұлтанда тіл үйрету мектебінің мұғалімдері еңбекақысын ала алмай жүр

15.01.2021 00:18

Әділдік сұрап еңбек инспекциясы мен прокуратураға да жүгінген

Almaty.tv

Нұр-Сұлтанда жекеменшік тіл үйрету мектебінің қызметкерлері бірнеше айдан бері еңбекақысын ала алмай жүр. Арнамызға шағымданған азаматтардың сөзінше, компания өз қызметкерлеріне жарты миллион теңге берешек болып қалған. Әділдік сұрап еңбек инспекциясы мен прокуратураға да жүгінген. Алайда олардың өтінішін қарау барысында бірқатар проблема туындапты. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек анықтауға тырысты.

Ұлжалғас Аболланың айтуынша, былтыр қыркүйекте тіл үйрету мектебіне жұмысқа орналасқан. Басында келісімшарттың болатынын, айлығы уақытылы төленетінін уәде еткен. Алайда алғашқы еңбекақысын толық бермеген. Ал, келесі айларда мүлдем төлемепті.

«Қазанда толықтай жұмыс істедім, 9 қарашада келген кезімде айлық берілмейді деп айтып тұр маған. Мен барып сұрасам, алдыңғы айдың қалай жетпіс мың есептедіңіз дегенде, қолхат жібереміз деген. Ол да жоқ... Қайда барсаң, онда бар. Сот қарама-қарсы орналасқан, бара берсең болады деді. Андрей Юрьевич директор болып саналады құжат бойынша, сол маған солай айтты», – деді қала тұрғыны Ұлжалғас Абдолла

Ал, ағылшын тілінің мұғалімі Әсел Көшербаева 1 ай жұмыс істеп, денсаулығына байланысты жұмыстан шығуға мәжбүр болған кезде жібермей қойған. Сөйтсе оған себеп...

«Жұмысқа кірердің алдында тағы бір айта кетерлік шарт, ол кісі бізге 1 құжат ұстатты. Оның ішінде 700 мың теңге көлемінде ол кісіден қарыз алғанымыз жайлы. Бірақ бұл 700 мың теңге көлеміндегі ақша бізге түскен жоқ ешқандай. Түспейді деп те түсіндірді өзі. Бірақ бұл тек сақтандыру сияқты ол кісілерге. Егер біз кетіп қалатын болсақ, сотқа береді ол кісілер», – деді қала тұрғыны Әсел Көшербаева.

Сорақысы сол, ол құжатқа қол қойдырып алған соң, қызметкерлерге ақшаны да, құжатты да бермеген. Сөйтіп, Әсел де айлығын ала алмай жұмыстан шығып кеткен. Ал, заңгер-медиатордың айтуы бойынша, бұл компанияға бұған дейін де шағымданушылар болған.

«Еліміздің бірнеше өңірінде филиалы бар «Langberry» мектебінің қызметкерлері бізге шағымданды. Оның ішінде еден жуушылар, ұстаздар болды. Олардың көбімен еңбек келісімшарттары жасалмаған. Алайда олардың мәселелері шешілмей қалды. Бұқаралық ақпарат құралы арқылы бұл проблемаға назар аударылады деп сенеміз. Фирма үнемі АҚ, ЖШС деп меншік нысанын өзгертіп тұрады. Тіпті, басшыларының да фамилиялары ауысып тұрады», – деді заңгер Әсел Молдағалиева.

Заңгер қазір бизнесті тексеруге мараторий болғандықтан, компанияға қатысты зертеу жүргізу мүмкін еместігін айтады. Ал сот болса, шағымданушылардың ешқандай дәлелі жоқ деп, істі қараудан бас тартып отыр. Амалы таусылған компанияның қызметкерлері Нұр-Сұлтан қаласындағы еңбек инспекциясының көмегіне жүгінген. Алайда келісімшарттары азаматтық-құқықтық негізде болғандықтан, оның үстіне компания Павлодарда тіркелгендіктен, мәселені қарамайтынын айтқан.  

«Ұлттық экономика министрлігіне кәсіпкерлік субъектісінің санаты туралы анықтама беру жөнгінде сұрау салынды. Осы сұрау салу бойынша кәсіпкерлік субъектісі санатының деректерінің жоқтығы туралы жауап берілді. Осыған байланысты тексеру жүргізу және тіркеу мүмкін болмады», – деді облыстық еңбек басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы Дарья Чемпояш.

Біз аталған компания басшылығынан да мән-жайды білмек болдық. Алайда қандайда бір сұхбат беруден бас тарты. Бірақ кейінірек олар ватсаб мессенджері арқылы бізбен байланысқа шығып, шағымданушылардың «Langberry» компаниясымен емес, «Brain salad surgery» ЖШС-мен келісімшарт жасасқанын мәлімдеді. Яғни бұл екі бөлек компания екенін ресми түрде хабарлайтынын айтты.

Асылбек Тойбек