Ақшалай атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз негізде көрсетіледі
Көпбалалы ана Мереке Әбдіғаппарқызының Алматыда тұрып жатқанына он жылдың жүзі болыпты. Ол 5 баласына 57 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан жәрдемақы тағайындалатынын айтқан келіншек осындай қолдаудың арқасында бала-шағасының киімі бүтінделіп, күн көрісі жеңілдеп қалғанын айтты.
«Балаларым сабақты онлайн оқығандықтан, телефон алдым. Ыстық су қолданатын құрылғы алдым. Балаларыма киім әперіп, бүтінделіп қалды. Көп көмегі тиді. Екіншіден, АӘК-тен бөлек, балаларыма азық-түлік толтырылған себет берілді. Оның ішінде май, бал, гематоген, макарон бар» , – деді көпбалалы ана Мереке Шағырбаева.
Алдағы уақытта дәл осы атаулы әлеуметтік көмектің онлайн берілетіні тіпті ісімізді жеңілдете түсетін болды деп қуанып қалды.
«Онлайн болған да тиімді деп ойлаймын. Өйткені, үйде отырып-ақ өткізе береміз. Кезекте тұрмаймыз. Оның үстіне, үйде балаларды да жалғыз тастап кетуге қорқасың», – деді көпбалалы ана Мереке Шағырбаева.
Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін әр ауданда өзін-өзі қамту аймақтары да қарастырылған. Егер өтініш беруші өзі өтінішті онлайн бере алмаған жағдайда, сол аймақтарға барып көмекке жүгіне алады.
«Электрондық Үкіметке үйінде отырып, өтініш беруге болады. Өтініш 15 жұмыс күннің ішінде қарастырылады. Егер құжаттары толық болмаған жағдайда, олармен телефон арқылы хабарласып, құжаттарын аламыз. Одан кейін біз жеке куәлікпен қабылдаймыз, мемлекеттік органдарға сұрау жібереміз. Сұрау толық келмеген жағдайда, қосымша құжаттар сұраймыз», – деді қалалық жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік қолдау бөлімінің басшысы Гүлзира Қазыбаева.
Ақшалай атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз негізде көрсетіледі. Шартты негізде жанұясында жұмысқа жарамды адамдар болса, оларға келісім-шарт жасалады. Одан бөлек, жұмыссыз жүрген азаматтар «Еңбек.кз» порталы арқылы тіркеліп, жұмысқа орналаса алады.
Сая Меңдеке, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы