Ветеринария саласында кемшіліктер көп. Ол туралы Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның сөзінше, ауылды жерлерде ветеринариялық қызмет көрсету тиісті деңгейде дамып жатқан жоқ. Бұл салаға цифрландыру әлі жетпеген. Мамандар қағазбасты жұмыстан арылмаған. Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төменгі деңгейде. Бұдан бөлек, министр ауыл шаруашылығы саласында әлі де технологиялық жағынан дамымай, өндірісте экстенсивтік әдістер басым болып отыр.
«Атап айтсам, өсімдік шаруашылығы әртараптандыруды аяғына жеткізуді қажет етеді. Онда қолданыста артта қалған агротехнологиялар әлі де болса басым, ауыспалы егіс қағидалары дұрыс сақталмайды, топырақ құнарлылығы төмендеуде. Осының бәрі жер процестерін бақылаудың жетік тетіктерінің әлі де болса жоқтығынан болып отыр. Сонымен қатар, селекцияның ескірген әдістеріне негізделген тұқым шаруашылығы жүйесі де уақыт талаптарына сай емес және соның салдарынан тұқымдар бойынша импортқа тәуелді болу қаупі бар», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.
Ал Сенат депутаты Мұхтар Жұмағазиевтің сөзінше, мемлекеттік үш аграрлық жоғары оқу орындарын биыл «ветеринария» мамандығы бойынша оқып шыққандардың 35 пайызы ғана жұмысқа орналасқан.
«Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша тек қана ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекцияларында ваканттық орындарының саны – 309. Ал ауылшаруашылық тауар өндірушілері бойынша министрлікте ақпарат мүлдем жоқ деуге болады. Осылайша, агороөнеркәсіптік кешен саласындағы білікті кадрлардың тапшылығы өзекті болып отыр», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұхтар Жұмағазиев.