Балқаш көлінде мұз бөлініп, 4 балықшыны ағызып әкеткен

07.12.2019 21:04

Құтқарушылар қыс кезінде су қоймасында қауіп-қатер артатынын ескертеді

inform.kz

Төтеншеліктер Балқаш көлінде жылжып кеткен мұз үстінен төрт балықшыны құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

6 желтоқсан күні сағат 14:07-де Ақөлең ауылынан оңтүстікке қарай 15 шақырым жерде Балқаш көлінде мұз құрсауынан 4 адам құтқарылды. Мұз бөлініп, оның үстіндегі балықшылар ашық көлге түсіп кеткен.

Оқиға орнына Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерінің жедел тобы шықты. Зардап шеккендермен телефон байланысы ұдайы жүргізіліп отырды. Адамдар отырған мұз жағадан шамамен 10 шақырым қашықтыққа кетіп қалған. Қатты толқынға қарамастан, құтқарушылар қысқа уақыт ішінде «Хивус» аэрокөлігімен балықшыларды тауып, 17:35-те оларды жағаға жеткізді.

Құтқарушылар қыс кезінде су қоймасында қауіп-қатер артатынын ескертеді.

Су айдынындағы мұз үстімен жаяу жүру де, көлікпен жүру де өте қауіпті. Түнгі уақытта балық аулауға және аң аулауға жол берілмейді. Боранды күндері суға шығуға тыйым салынады.