|
07.10.2020 | 16:04
5036

Қазақ тілінің ілгері дамуы үшін Мемлекеттік тіл туралы арнайы Заң керек – тіл жанашырлары

Жиында ғаламтордағы түрлі платформалардағы аударма сапасы да сын көтермейтіні айтылды

Қазақ тілінің ілгері дамуы үшін Мемлекеттік тіл туралы арнайы Заң керек  – тіл жанашырлары zanmedia.kz

Қазақ тілінің ілгері дамуы үшін Мемлекеттік тіл туралы арнайы Заң мен мықты әдістеме керек. Тіл жанашырлары қалалық Қоғамдық кеңестің ұйымдастыруымен өткен жиында осындай бірқатар ұсыныс айтты. Сонымен қатар, аралас мектептердің санын азайту, аудармадағы олқылықтарды түзеу, мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің деңгейін арттыру сияқты жүйелі жұмыстар атқару қажеттігі де тілге тиек етілді. Толығырақ  Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Қаланың қоғам белсенділері мен әкімдік өкілдері мемлекеттік тіл жайын тағы да талқыға салып, тұралап қалған бірқатар түйткілдер төңірегінде әңгіме өрбітті. Кездесуге қатысқан зиялылар тіл мәртебесінің сайып келгенде Заңнамалық тұрғыға тірелетінін қадап айтты.

«2050 жылы да дәл осылай отыра береміз. Осындай сұрақтар қойып, осындай жауаптар айтып. Өйткені мемлекеттік тілдің ешкімге қажеттілігі жоқ. Миллиард бөл, оны ешкім үйренбейді, өйткені керегі жоқ. Бұл ең біріншісі Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауымыз керек. 30 жылдан бері тәуелсіз мемлекеттердің ішіндегі Мемлекеттік тіл туралы заңы жоқ ел біз Қазақстан», – деді ақын Қазыбек Иса.

Жиында ғаламтордағы түрлі платформалардағы аударма сапасы да сын көтермейтіні айтылды. Мамандар тілді үйретуге жаңаша көзқарас керек дейді. Осы тұста қоғам белсенділері мен билік тарапы біріге жұмыс істеуге уағдаласып, аталған мәселелер әкімдікке хат ретінде жолданатын болады.

«5 жасар баладан 75-тегі үлкен адамға дейін теледидар қазақша сөйлеп жатыр немесе радио, методика беріп жатыр. Ол ана сөздер миында қалуы керек. Басқа іспен айналысып жатса да. Сондай методика керек. Бір методика болмағандықтан, тіл кері кетіп жатыр. Ең түпкі мәселе осы. Үйренетін методика жоқ, жеңіл, балаларға, бәріне алып кететін», – деді тіл жанашыры, экономист Жанұзақ Әкім.

Сондай-ақ, кездесу барысында қалалық тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының атқарылған жұмысы сараланды. Орталық өкілдері тіл тақырыбы қоғамда өзекті болып отырғанын атап өтті. Осы орайда қала әкімдігінің қолдауымен мониторингтік топтың құрылғаны белгілі. Алайда мамандар тек ескерту, ұсыныс айтумен ғана шектелуге мәжбүр екенін жеткізді.

«Кәсіпкерлік субъектілерді тексере алмаймыз. Өйткені ол  кәсіпкерлік кодекспен жүзеге асады. Әкімшілік құқық бұзушылықтың 75-бабы бойынша ол құзырет бізге берілген. Бірақ кәсіпкерлік Кодекске келген кезде біз ол мәселемен жергілікті атқару органы әзірше айналыса алмайды. Мен бұл мәселені тіл комитетінде өткен конференцияда да айттым», – деді қалалық Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Бақыт Қалымбет.

Жуырда ғана жұмысын бастаған бақылау тобы 30-дан астам кәсіпкерлік нысанды аралап үлгерген. Олар қызмет көрсету объектілеріндегі мемлекеттік тілдің қолдану деңгейін бақылайды. Мұндай жұмыстар әлі де жүргізіліп жатыр.

Назкен Еркін, Медет Самаұлы, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир