|
06.10.2020 | 20:41
12420

Үш жыл құлдықта ұстаған: Алматылық келіншек зорлық-зомбылық көрсеткен жұмыс берушінің жазаланғанын қалайды

Аяусыз ұрып-соғып, еркінен тыс зорлаған

Үш жыл құлдықта ұстаған: Алматылық келіншек зорлық-зомбылық көрсеткен жұмыс берушінің жазаланғанын қалайды Аlmaty.tv

Аяусыз ұрып-соғып, еркінен тыс зорлаған. Қара жұмысқа салып, күн көрсетпеген. 36 жастағы алматылық келіншек Жамбыл облысында 3 жыл бойы құлдықта болғанын айтады. Жәбірленген әйелдің сөзінше, бұрынғы жұмыс берушісі оған зорлық-зомбылықтың сорақысын көрсеткен көрінеді. Айыптыны жазаға тарта алмаған ол амалы таусылып, біздің редакцияға хабарласқан еді. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт тарқатады.

36 жастағы алматылық келіншек  соңғы 3 жылда көрген азабын көзі жасқа толып, еске алады. Жамбыл облысына нәпақа табу үшін барған келіншек, жұмыс берушісінің оны аяусыз қанап, зорлық-зомбылықтың сорақы түріне душар етеді деп ойламаса керек.  Ал, осыдан тура екі апта бұрын, жұмыс беруші Тоғжанды бір тиынсыз қуып жіберіпті.

«Арағын ішіп, анашасын шегеді де, не істеп, не қойғанын білмейді. Ұрады. Ол үйде екеуімізден басқа адам жоқ. Сонымен ажырататын адам болмай, талай қашып келдім. Бірақ қайтадан алып кетті. Білгенін істейтін, анаша шектіртетін маған. Содан мен есімді жоғалтып аламын да, ұйықтап қалам, білмеймін ештеңе. Ал, ол кісі өзі мені видеоға түсіріп, білгенін істейді екен», – деді жәбірленуші.

Осылай жәбір көрген әйел еріксіз құлдықта болғанын айтады. Сөзінше Бақытжан есімді жұмыс берушісі 3 жыл бойы зорлап келген. Тіпті, кезекті тоқпақтау кезінде 51 жастағы ер адам әйелді кеудесінен қатты ұрып, салдарынан жәбірленуші күрделі ота жасатқан көрінеді. Келіншек ер кісінің есірткіге құмарлығын да жасырмады. Ең сорақысы, бұдан бұрын ол адам өлтіргені үшін істі болған екен.      

«Мен ертең далада қаламын, одан да кете берейін, басқа жұмыс іздейін, ақшаң да, ештеңең де керек емес деген едім, біз үйтеміз-бүйтеміз деді. Білесіңдер ғой, біздің жағдай мықты деген соң, ойымда ешқандай арам ой болған жоқ еді. Сосын өзім жетім, баратын жерім болмаған соң, құрсыншы, бір нәтижие болар, адам боп кетерміз деп, мен бәріне шыдап бақтым. Ал, енді кеше далаға тастаған соң, мен жай отыра алмадым», – деді жәбірленуші.

Қарсы тараптың уәжін тыңдау мақсатында Бақытжан есімді Аса ауылының тұрғынына хабарласқан едік. Ер адам келіншекке  зорлық-зомбылық көрсеткенін мойындамады.

«Мен оны не үшін ұрамын? Ол маған ешкім емес. Барлығы ауылда менің қандай адам екенімді біледі. Ол өзі маған пышақ ала жүгіретін. Кейде психикалық ауытқуы бар деп күдіктенетінмін. Ол өзі бұған дейін де бұрынғы күйеуімен наша тартатын», – деді Аса ауылының тұрғыны Бақытжан.

Болған оқиғаны жан-жақты зерттеу мақсатында сарапшы мамандардың пікіріне де жүгіндік. Заңгердің сөзінше, егер айтылғанның бәрі дәлелденсе, бұл сөзсіз ауыр қылмыс. Сондықтан жәбірленушіге қайтадан полицияға жүгінуіне кеңес берді. Себебі сотқа дейінгі мұқият тергеу амалдары жүргізіліп, дәлелдемелер тіркеліп, жапа шегушінің медициналық картасы қаралуы қажет.

«Бұл жерде кем дегенде 4 қылмыстық құқық бұзушылықтың бар екенін ресми түрде айтуға болады. Біріншісі – азаптау, яғни ұрып-соғу түрінде денсаулыққа психикалық және физикалық залал келтіру. Екіншіден, 120-бапқа сәйкес зорлау. Одан өзге есірткі қолдануға итермелеу. Ал, бұл автоматты түрде есірткі заттарын сақтау деген сөз. Егер полиция өтінішті қабылдаудан бас тартса немесе қандай да бір себептермен іс жүргізуді тоқтатса, онда қылмыстық кодекстің 105-бабы бойынша прокуратураға шағымдану қажет», – деді қорғаушы Бауыржан Рақымжанов.

Десе де келіншек бірнеше мәрте құқық қорғау мекемелеріне барып, арыз жазғанын айтады. Бірақ түсініксіз себептерге байланысты іс қаралмады дейді. Бұл жағдайды Жамбыл облысы полиция департаментінің өкілдері жапа шегушінің арызын қайтарып алуымен байланыстырып отыр.  

«Жамбыл аудандық полиция бөліміне 2018 жылдың 8 шілдесінде Жамбыл ауданы Тастөбе ауылының 34 жастағы тұрғыны өзімен тұрып жатқан ер кісінің заңсыз әрекеттік фактілері бойынша жүгінген болатын. Өзінің арызында азаматша жанжал кезінде ер адам оған дене жарақатын салғанын жазған. Полиция қызметкерлері үйлеріне барғанда, арызданушы берген мәлімдемесінен бас тартты», – деді Жамбыл облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Гүлсара Мұхтарқұлова.

Яғни, бұған дейін жергілікті полиция басқармасында бұл іс екі тараптың татуласуына және қылмыстық құқық бұзушылық фактісі болмауына байланысты есептен шығарылыпты. Ал, қазіргі уақытта ер адамның есірткі қолданып отырған видеоға байланысты ақпараттың  растығын анықтау үшін бірқатар тексерулер жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта құқық қорғау қызметкерлері бұл оқиғаның ақ-қарасын анықтаймыз деп сендірді.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир