Көңіл айту кітабы 23 наурыз сағат 18.00-ге дейін ашық болады
Елорда тұрғындары қаладағы Ресей Федерациясының елшілігіне гүл шоқтарын қойып, көңіл айту жазбасын қалдыруда, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі елшіліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
- Мәскеудегі террористік актіге байланысты көңіл айтқысы келетіндер көбеюде. Сондықтан Ресейдің Қазақстандағы елшілігі Көңіл айту кітабын ашты. Көңіл айту бұрышы Жұмабек Тәшенов көшесі тарапынан Елшіліктің консулдық бөліміне кіре берісте орналасқан, - деп хабарлады елшілік өзінің ресми сайтында.
Көңіл айту кітабы 23 наурыз сағат 18.00-ге дейін ашық болады.
Бұған дейін хабарланғандай, белгісіз біреулер Мәскеу түбіндегі Красногорск қаласындағы Крокус сити холл ғимаратында оқ жаудырған.
Куәгерлердің айтуынша, қылмыскерлер кешкі сағат 20:30 шамасында, концерт басталар алдында негізгі подъезд арқылы ғимаратқа кіріп, келушілер мен күзетшілерге бірден оқ атқан. Содан үш-төрт адам концерт залына кіріп, көрермендерді атып, «Молотов коктейльдерін» лақтыра бастаған. Осыдан кейін шабуыл жасағандар қашып кеткен.
Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігі лаңкестік әрекеттен зардап шеккен 145 адамның біразының тізімін жариялады.
Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан азаматтары үшін мына сенім телефоны бойынша жедел желі іске қосылды: 8 (925) 897-71-14.
ҚР Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Ресейдегі терактіде қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында қазақстандықтардың болғаны туралы ақпарат жоқ.
Оқи отырыңыз: Ресейдегі теракт: Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің мүшелерімен жиын өткізеді