Алматыда ойланбай сөйлеп, от басқандардың қатары көбейді. Өткен жылы әлеуметтік желіде елді балағаттап, танысын қаралаған 13 адам сотталған. Олардың дені ар-намысқа тиетін былапыт сөздер жазып, жазықсыз жандарға күйе жаққан. Тіпті, танымал адамдардың атынан аккаунт ашып, пайдаға кенелгендері де бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматылық Жұлдыз Асқарованың қазір тауы шағылған. Осыдан екі жыл бұрын құрбысымен бірге кәсіп ашып, қалада киім сатқан. Табысы да толайым болыпты. Бірақ қос құрбы тапқандарын бөлісе алмай, түбінде тіресіп тынады. Жұлдыздың құрбысы әлеуметтік желіде оны «алаяқ кәсіпкер» деп қаралап, көптің көзінше балағаттаған. Ар-намысын аяққа таптап, былапыт сөздер айтып, тіл тигізген. Мұндай қорлыққа шыдамаған қыз көп ұзамай соттың көмегіне жүгінген.
«Қазір енді соттасып жатырмыз және жеңемін деген ойдамын. Әрине, моральдық шығын талап етемін. Себебі, осы комментарийді оқыған, жаман, жағымсыз сөздері көрген менің жақындарым, таныстарымның көбі мен туралы ойларын өзгертті. Әрине, ар-намысыма тигендіктен енді күресуге тырысамын», – дейді Жұлдыз АСҚАРОВА.
Заңға жүгінсек, әлеуметтік желіде жұртты қаралаған адам 50 мың теңгеден бастап, 1 миллионға дейін қомақты айыппұл арқалайды. Тіпті, бас бостандығынан да айырылуы мүмкін. Бірақ бұл өзі тілінде тікені барларды тежемей тұр. Бір ғана Алматының өзінде өткен жылы әлеуметтік желіде жағымсыз пікір қалдырған 51 адам кінəлі деп танылып жауапқа тартылған. Оның 13-і тіпті, жаза арқалапты. Заңгерлер бассыздықтың белең алуына ғаламтор қолданушыларының көбеюі және өз құқықтарын білмеуі себеп болып отыр дейді. Сондықтан айтар сөз бен жазар ойға сақ болуды ескертеді
«Былтыр «Жала жабу» және «Қорлау» баптары бойынша 20 іс жүргіздім. Соңғы кездері мұндай қылмыс жиілеп кетті. Адамдар эмоцияға беріліп, аузына келгенін айтып, аудио жібереді. Немесе әлеуметтік желіде ар-намысқа тиетін жазба қалдырады. Сөйте тұра, бұл қылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыламын деп ойламайды. Шынында, бұрын мұндай қылмысты дәлелдеу қиын еді. Ал қазір техникалық мүмкіндіктер өте көп, бірден жазбаны тіркеп, дәлелдеуге болады», – деді заңгер Серік АЙТБАЕВ.
Желіге жабысып, елмен тартысып отырғандардың оқта-текте от басуына не түрткі?! Санаққа сенсек, ғаламтор арқылы өзгені қаралап, артынша істі болғандардың дені 25 пен 40 жастағы қолданушылар екен. Олар – өздерінің жақын таныстарын, бірге қызмет еткен әріптестерін яки серіктестерін балағаттап, ауыр жаза арқалағандар. Қазір тіпті, елге танымал адамдардың атынан аккаунт ашып, жұртты түлкібұлаңға салып жүргендер де көп. Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Саланат Әзірбек те сондай алаяқтардың шырмауына шатылуға аз қалыпты. Осыдан екі жыл бұрын бәзбіреулер оның суретін пайдаланып, дәрілерге жарнама жариялаған.
«Мен туралы ақпаратқа еш қатысым жоқ. Өзім мемлекеттік қызметтегі адаммын. Содан соң өз тәрбиеме сәйкес ондай жарнамалық компанияларға жалпы қатысым жоқ. Жарнамалық компанияларға тіпті қатыспаймын да. Сондықтан барлық азаматтарға айтатынымыз, ондай жарнамалар о баста шыққан кезде мен ІІД тарапынан ресми мәлімет таратқан болатынмын. Өйткені, алаяқтардың ілмегіне қарапайым азаматтардың ілініп қалмауы үшін осындай ресми ақпарат таратып, азаматтарды хабардар еткен болатынбыз», – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Дегенмен, қауырт қызметінен қолы босамай жүргендер, әсіресе әншілер мен актерлер мұндай іске атүсті қарай салады екен. Бірақ сотқа жүгіну керек дейді заңгерлер. Өйткені, қаннен-қаперсіз жүре берсең, немқұрайлылық түптің түбінде басыңа қара бұлт болып үйірілуі бек мүмкін. Сондықтан заң өкілдері мұндайға бей-жай қарауға болмайды дейді. Азаматтар өз құқықтарын білсе, Қазнеттегі талас-тартыс та, былапытқа былыққандар да сап тыйылар еді. Ал егер сізге бәзбіреу әлеуметтік желіде тіл тигізіп, жала жапса, жазбаны міндетті түрде нотариусқа тіркетуіңіз керек. Өздігінен скриншот жасап, сотқа жүгінгендердің қылмысты дәлелдеуі қиынға соғады.
«Көмегімізге жүгінген азаматтың өтініші бойынша, біз ол туралы жазылған әлеуметтік желі мен мессенджерлердегі жазбаларды тіркеп, скриншот жасаймыз. Әрмен қарай сол жарияланым астында жазылған комментарийлерді тіркейміз. Жазбаны көшіріп басқандар, яғни перепост жасап, лайк қойғандарды да анықтаймыз. Мұның барлығы хаттамаға толтырылып, заңды дәлел болады. Бір жарияланымды нотариалды куәландыру үшін тіпті 700-800 бетке дейін скриншот жасайтын кездеріміз болады. Ал беделіңізді түсіріп балағаттап сөйлеген адамның әрекетін видеоға түсіріп алған болсаңыз, мұның өзі дәлел емес. Түсірілімді көрген куәгерді нотариалды тіркеген жағдайда ғана, мұндай видеоның заңдық күші болады», – деді нотариус Алтынай МАКЕШЕВА.
Нотариустардың айтуынша, жәбірленушілер өздерінің намысына тиетін жазбалар мен жала жабу деректерін сотқа дейін заңдастырып тіркетуі қажет. Әйтпесе, аңдамай сөйлеген адамның әрекетін әшкере ету мүмкін болмайды. Сондай-ақ, заңгерлер «ойланбай сөйлеп, опық жемеу үшін» күмәнді жазбаларды таратып, пікір қалдырмауға шақырып отыр. Әйтпесе, комментарий жазып, лайк басқаныңыз үшін де күдіктінің мүддесін қорғады деп жауапқа тартылуыңыз мүмкін екен.
Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы