«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы филиалының мамандары 2023 жылы көше-жол желісін тексеру бойынша 447 рет жолға шыққан. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың 2023 жылдың басындағы «қала көше желілері мен автомобиль жолдарының сапасын барынша тексеру қажет» деген ұсынысы бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Былтыр Алматы жолдарынан 1432 сынама алынып, зертханада тексерілді. Соның арасында 437 сынама нормаға сай болмай шықты. Анықталған сәйкессіздіктердің 123 жойылмады, ал 75-сі қайта қалыпқа келтірілуде. Алматы қаласындағы жол сапасын бақылаушы мекеменің басшысы Мәулен Әліпов 2023 жылы жоспарланған жұмыс 100 пайыз орындалғанын айтты.
- 2023 жылы Алматыда алғаш рет қала көшелерін ағымдағы жөндеу бойынша бөлінген бюджет аудан әкімдіктеріне берілді. Біздің орталық жол сапасын бақылау үшін Алматының әр ауданымен жеке-жеке келісімшартқа отырдық. Алмалы ауданынан бөлек 7 ауданның әкімдіктерімен келісімшарт негізінде біздің мамандар көше желілеріне 155 мәрте тексеруге шықты. Ағымдағы жөндеу барысында жолдардан 145 сынама алынды. Оның ішінде 26 (17.93%) сынама нормалар мен талаптарға сәйкес келмеді. Ол сынама үлгілер су сіңіргіштік, тығыздық сияқты сынақтан өтпеді, - дейді мекеме директоры.
Жоғарыда аталған тексеріс нәтижесіндегі 23 бұзушылық жойылған жоқ, ал 22-сі қалпына келтіріліп жатыр. 2023 жылдың басынан бастап «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Алматы филиалы анықталған сәйкессіздіктер туралы тиісті органдарға төртеуі орташа жол жөндеу, біреуі ағымдағы жол жөндеу бойынша 5 хат жолдады. Сонымен қатар жыл басынан бері Алматы қаласында жол сапасын бақылау нәтижесінде мердігер мекемелер 14 мың шаршы метр аумаққа қайта жөндеу жұмыстарын жасады. Жалпы сома - 180 миллион теңге.
Оқи отырыңыз: Еңбекшіқазақ ауданында заңсыз автотұрақ анықталды