500 мың теңгенің жыры: Тараздық тұрғындар шу шығарды

yandex.kz
yandex.kz
Өңірде сәуір айынан бастап «Бизнес Бастау» жобасына бір айлық курсқа тіркеу басталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Таразда 500 мың теңгенің жыры бітер емес. Тұрғындар таңнан бері Атамекеннің алдына жиналып жүр. Бизнес бастағысы келгендер өңірдегі кәсіпкерлер палатасына барып бейбіт күнде шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Сөзінше, өңірде сәуір айынан бастап «Бизнес Бастау» жобасына бір айлық курсқа тіркеу басталған.  Бірақ Атамекен сайты жұмыс істемей, елді әбігерге салып отыр.

Тараздық тұрғындар кәсіптің жолын үйреніп, өз істерін бастағысы келеді. Сол үшін де жұмыспен қамту орталығына тіркеліп жолдама алып жеткен. Бірақ қайтарымсыз несиені ала алмай бетіміз қайтты дейді. Себеп – сайттың тіркемей арлы-берлі сабылтқаны. Тіпті, бірнеше жылдан бері грантқа қол жеткізе алмағандар да бар.

«Екі жылдан бері грант ала алмай жүрмін. Жұмыспен қамту орталығынан жолдама береді. Бізге келмей-ақ  үйден тіркеле аласың деді. Біз тіркеле алмаймыз.  2019 келдім, 2020 келдім, енді міне 2021 жылы  келдім. Назарбаевтың өзі айтқан жоқ па, мал алып, сиыр мен сүт алып күнелтіңдер деп. Қайтарымсыз қаржы алып, мен мал алғым келеді, мысалы», – деді Тараз қаласының тұрғыны Әлия Елубаева.

Тұрғындар мұндағы мамандар істей алмаған жұмысты, делдалдар тындырып жүр дейді. Ақысын берсең болды ақысыз оқудың құжаттарын  дайындап беретін көрінеді.

Оқиға болған жерден:

– Міне, тұр нөмірі. Сол кісі шықты да айтты. «Екінші кезеңге үлгермесеңіздер, үшінші кезеңге маған келіңіздер. Мен сіздердің бизнес жоспарларыңызды жасап беремін де, сабақтарыңызды оқып беремін. Бірақ мұның бәрі ақылы», деді. Ақысын айтыңыз десек, оны сол кезде сөйлесеміз, – дейді.

Бизнес оқудың алғашқы кезеңі 19 сәуірде басталса, екінші кезеңі 24 мамырға дейін жалғасады. Былтыр облыстағы палата бизнеске оқыту бойынша 3 641 адаммен аймақтар арасында алғашқы орынға шыққан еді.  Енді биыл бұл көрсеткіш тағы 500 адамға артқан. Мамандар себепті де содан көреді.

«Халықтың жиналып жатқан себебі көбісінде компьютер жоқ.  Кейбіреуінің интернеті жасамайды. Кейбіреулері өз-өзіне сенімсіздіктен келіп жатқан шығар. Облыс бойынша 4 мың адамды оқытамыз биылдыққа. Бұл басталып жатқан 2 топ, жалпы 5 топ оқытамыз. Біз қалада қазір адам саны көп болғандықтан 1-2-топқа жүз адамнан қабылдап жатырмыз», – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Ернұр Нұржігітов.

Айта кетерлігі, кәсіпке үйрету курстары 5 кезеңнен тұрады. Тұрғындарды тіркеудің соңғы кезеңі қыркүйек айында аяқталғалы отыр. Ал палатаны жағалаған жұрт мына түрімізбен ешқайсысына ілікпейміз бе деп алаңдаулы.

Новости партнеров