Қайырымды іске өзі секілді кәсіпкерлерді де тартқан
Алматылық кәсіпкер мұқтаж жандарға ең қажетті азық-түлік таратып жатыр. Ол бұл тірлігін атақ үшін емес, көпке үлгі болу үшін жасайтынын айтады. Қиын сәтте қолда бармен бөлісу әркімнің борышы дейді санайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл – алматылық кәсіпкер Қайрат Жанәбілов. Ол 5 жылдан бері азық-түлік жеткізетін қызметті басқарады. Президенттің тапсырмасын қолдаған кәсіпкер карантин кезінде аз қамтылған отбасыларға, мүгедектер мен жалғызбасты қарттарға тегін азық-түлікпен қамтуды құп көріпті. Тіпті қайырымды іске өзі секілді кәсіпкерлерді де тартқан. Бүгін олар сыртқа шығуы қиындаған 93 жастағы зейнеткерге арнайы барды.
«Қамқорлықты сезіну деген неткен керемет. Алғысымды білдіремін. Көп рахмет! Бізді қорғап, қолдап жүргеніне рахмет! Керегімізді әкеліп береді. Жасымыз келгендіктен дүкенге шығудың өзі мұң. Енді бұл азық-түлік біразға жетеді», – деді қала тұрғыны Ольга ЗЕНЧЕНКО.
Уақыт жоғалтпастан азық-түлікті көлігіне тиеген кәсіпкер үшінші топтағы мүгедек қарттың үйіне асықты. Өйткені оның алатын зейнетақысы ішіп-жемге жетпейді. Оған қоса, қария карантин кезінде қара шаңырақта 6 баласының немерелерімен бірге тұрып жатыр.
«Бес қыз, бір ұл. Ұл үйленбеген. Кемпірім жоқ. Қайтыс болған. 4 жыл болды. Осындай қиын кезде көмектескеніне рахмет. Азық-түлік бергеніне рахмет», – деді қала тұрғыны Алайдар БЕРДЕШОВ.
Кәсіпкердің сөзінше, игі іс жасаймын деген адамға ешкім де тұсау сала алмайды. Сондықтан қайырымдылыққа қосылам деушілер үшін есік қашанда ашық.
«Бізден көмек сұраған жандардың барлығы дерлік егде жастағы қарттар. Сыртқа шығып, тауар сатып алуға мүмкіндіктері жоқ. Біз оларды қолдауды жөн деп шештік. Әкелген азық-түлік себетінде көкөністің біраз түрін, жеміс-жидек, консервіленген ет әкелдік. Жеткізілген тауарлар біраз күнге жетеді деп ойлаймын», – деді «Ауылды көтереміз» қоғамдық қорының өкілі Қайрат ЖАНӘБІЛОВ.
Әр отбасыға тиген азық-түлік себеті 10 мың теңгеден асады. Негізінен жиынтықта көкөніс, жеміс-жидек, ет бар. Сондай-ақ, әр себетте медициналық маска салынады.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы