Алматы облысының мал баққан шаруалар жайылымға жарымай отыр

09.03.2023 21:07

Облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 2 миллион гектарға жуық жер анықталған

Almaty.tv

«Атажұрттан жер бұйырмады». Алматы облысының Тескенсу ауылындағы мал баққан шаруалар жайылымға жарымай отыр. Ал халық қолданысына берілген жазыққа жұрттың төрт түлігі сыймайтын көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тескенсу ауылындағы халықтың дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Күнкөріс күніне айналған шаруаны дамытып, мал басын көбейткісі келгенмен, жер жетпейді. Себебі ауыл төңірегіндегі жазықтың көп бөлігін кезінде кәсіпкерлер алып алған көрінеді.

«8,5 мың тұрғыны бар ауылда 6 мың бас қой, 2700 бастай ірі мүйізді қара, 1500 бастай жылқы тіркелген. Жер жоқ, қайда жаямыз? Әркімге жалынамыз. Жерді алып алған латифундистерге төрт түлікті жаю үшін қой, жылқы беріп, күн көріп жүрміз», – деді Тескенсу ауылының тұрғыны Асқар Сейсенқұлов.

Егін орып болғаннан кейін осы жерге жайып жатырмыз. 5-10 күннен кейін бұл жерге де өте алмаймыз. Халықтың малын қайда апарамын? Былтыр маған: «Бұл жерге өтуге болмайды. Жекеменшік жер. Бұл кісілердің беретін өз адамы бар. Тиісті адамға хабарласамын. Көзіңді құртып жібереді» деген кездер де болды.  Қорқып та қалдым», – деді малшы Абай Қасқаров.

Жергілікті әкімдік өкілінің айтуынша, ауыл маңындағы 1000 гектардан аса аумақты 2000 жылдың басында 3 компания ауданның жер қорынан 49 жылға жалға алған. 2 кәсіпкер жазыққа жүгері егіп, егістік мақсатында әлі де пайдаланып жүрген көрінеді.

«Агроюнион» ЖШС 250 га жер телімін алған. Оның нысаналы мақсаты – жайылым. Қазіргі таңда облыстық жер басқармасына жіберілді. Жер инспекциясы «жерді қайтару» бойынша сотқа беру жұмысын жүргізіп жатыр», – деді Тескенсу ауылдық округі әкімінің орынбасары Еламан Елубай.

Ал прокуратура дерегінше, облыс бойынша пайдаланылмай жатқан 2 миллион гектарға жуық жер анықталған. Бүгінде соның 114 мыңы қайтарылыпты. 1,5 мың гектардай жер телімі Тескенсу ауылдық округінің қоғамдық жайылымы ретінде рәсімделген. Алайда елдімекеннің өзіндегі жұрт берілген жазық ауылдан алыс жатқанын айтады.

Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы