Дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланатын жаңа диалог алаңы ашылды

09.09.2021 21:07

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов айтты

Almaty.tv

Елімізде дін саласындағы өзекті мәселелер талқыланатын жаңа диалог алаңы ашылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv

Оның сөзінше,«YZ CLUB»алаңы дін саласында білім алып жүрген жастармен және жас мамандармен өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Жыл сайын дінтану, исламтану, теология мамандықтары бойынша 500-ге жуық адам дайындалады екен. Бұдан бөлек, Қазақстанда «дінге сенбейтіндер құқығы» деген ұғымның енгізілетіні белгілі болды.  

«Біз дінге сенетіндердің де, сенбейтіндердің де құқықтарын толық қамтамасыз етуге тырысамыз. Осыған байланысты  әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, нақты түзетулер аясында «дінге сенбейтіндер құқығы» түсінігін енгізгіміз келеді. Яғни, қазір «дінге сенетіндер құқығы» бар, сонымен бірге «дінге сенбейтіндер құқығын» да енгізгіміз келеді. Біз зайырлы мемлекетпіз және дінге, конфессияға, этносқа қарамастан заң бәрінен жоғары тұрады», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов.

Сонымен қатар, комитет төрағасы шоу-бизнес жұлдыздарының діни мәселелерді көтеруіне қатысты да пікір білдірді.

«Дін тақырыбы – өте күрделі, өте нәзік тақырып, сол себепті оған дайындықпен келген дұрыс. Бұл салада ой айту үшін, ұсыныс беру үшін саналы түрде ақыл-ой жинақтап келу керек және сол саланың маманы болу керек. «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын» деген мақал бар. Яғни, әр саланың маманы болу керек. Ал, қандай да бір үрдіс үшін немесе өз танымалдығы үшін мемлекеттікке, бірлікке нұқсан келтіру дұрыс емес, бұл шатысуға алып келеді», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов.