Аймақта шағын кәсіпкерлік субъектісі саналатын 12 кәсіпорын жұмыс істейді
Райымбек ауданы өнеркәсіп өндіруден соңғы орында. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің аудан жұртымен болған кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәселен, бұл аймақта шағын кәсіпкерлік субъектісі саналатын 12 кәсіпорын жұмыс істейді.
Өнім бар, өндіріс орны жоқ. Олардың айтуынша, ауылдағы 8 жекеменшік кәсіпкердің қолында 70 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатыр.
«Он жылдан бері осы таулы аймақта тұрып жатырмыз. Жайылым жер жоқтың қасы. Көктемде суға жетпей талас болады. Ол жағы рас қиын әйтуір бір суарып үлгереміз», – деді Нарынқол ауылының тұрғыны Ысқақ Өмірәлиев.
Райымбек ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 41,8 пайыз, ауыл шаруашылығы 1,5 пайыз төмендеген. Нарынқол өңірі картоп өндіруде алдыңғы орында болғанымен, картоп өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ екен. Ал аталған ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында тіркелген 3 кәсіпорынның біреуі ғана істеп тұр. Кеген мен Нарынқол ауданына жапсарлай салынып жатқан ет зауыты енді іске қосылмақ.
Жалпы соммасы 2,5 миллиард теңгені құрайтын озық үлгідегі технологиямен жабдықталған ет зауыты 2023 жылы іске қосылады. Мұндағы мамандардың сөзінше тәулігіне 15 тонна ет өңдейді және мұндағы жергілікті жұртқа 115 жұмыс орнын ашып береміз деп уәде етті.
Сонымен қатар ауданға 2,1 миллиард теңге инвестиция тартылыпты. Алайда аталған айтулы жоба 2030 жылға дейін жүзеге асырылады екен. Облыс әкімінің айтуынша, жоспардағы 138 жобаның 13-і Райымбек ауданына тиесілі дейді облысы әкімі.
«Аудан көбінесе ауылшарушалық сферада жұмыс жасайтынын біліп, ирригация жүйесін дұрыстасақ бәрі дүрыс болады деп ойлаймын. Оны тиімді пайдалану үшін жоспар әзірлеп, нақты қадамдар жасалады», – деді Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Райымбек ауданындағы бұқараның базынасын тыңдаған Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиев суару жүйесінің де мәселесін айналып өтпеді. Ол өңірдегі каналдарды қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 1.6 миллиард теңге бөлінгенін айтады. Бірақ бұл жоба 2024 жылға дейін жалғасады.
Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепперген, «Алматы» телеарнасы