Алматыда сыртқы экономикалық қызмет және мемлекеттік қызметкерлер арасында кездесу өтті

21.06.2022 21:14

Талқылауға мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ҰКП басшылары, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлік қоғамдастық қатысты

Алматы қаласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бастамасымен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың проблемалық мәселелерін талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Талқылауға мемлекеттік органдардың, "Атамекен" ҰКП басшылары, қоғам қайраткерлері мен кәсіпкерлік қоғамдастық қатысты.

Іс-шара басында Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарының кеден бекеттерінің басшылары кәсіпкерлер үшін кедендік рәсімдер мәселелері бойынша кеңес өткізді.

Бизнес-омбудсмен Рустам Жүрсінов іс-шараны аша отырып, негізінен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды кедендік шекара арқылы тауарлар мен көлік құралдарын өткізуге қатысты мәселелер толғандыратынын атап өтті.

Кәсіпкерлер кеден бекеттерінің өткізу қабілеті, жүктерді рәсімдеу кезінде артық құжаттандыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін тудыратын халықаралық тасымалдарға арналған бланкілердің тапшылығы мен алыпсатарлығы бойынша мәселелерді көтерді.

"Кәсіпкерлерді қорғау сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Заңнамалық және ұйымдастырушылық сипаттағы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, шешуді талап ететін көптеген мәселелер бар", - деп Алматы қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Оразхан атап өтті.

Кәсіпкерлерге келіп түскен барлық сұрақ бойынша мемлекеттік органдар толық түсініктемелер берді, бірқатар нақты өтініштер бақылауға алынды.

Осылайша, Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Серік Жанайдаров сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың айтылған мәселелерін шешу бойынша барлық шаралар қабылданатынын атап кетті.

Жалпы талқылау барысында сыртқы экономикалық қызмет саласындағы кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар ұсынымдар айтылды.

Дөңгелек үстел соңында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов бүгінде айтылған барлық проблемалардың 90%-ы өңірлік деңгейде шешілуі мүмкін екенін атап өтті. Сұрақтардың басым бөлігі "Атамекен" ҰКП-ның бақылауына алынды.