Өрттен қаза тапқандардың отбасына жаңа пәтердің кілті табысталды

15.06.2023 21:08

Көмекке асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ жайластырылған тұрғын үй беру кіреді

gov.kz

Бүгін өрт салдарынан қаза тапқан 14 адамның отбасына, сондай-ақ тракторшы Сергей Архиповтың отбасына Семей қаласы Қарағайлы шағын ауданындағы жаңа пәтерлердің кілттері табысталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абай облысының әкімі қайтыс болған Саят Нұржігітов пен Амангелді Дүйсембаевтың отбасыларына 2 және 3 бөлмелі пәтерлердің кілттерін тапсырды.

«Өртте зардап шеккендердің отбасыларын қолдау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар біздің тұрақты бақылауымызда. Бүгін біз тапсыратын жаңа пәтерлер барлық қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталған. Біз қосымша көмек көрсетуді жалғастырамыз», - деп атап өтті Ұранхаев.

Қаза тапқандардың туыстары мемлекет тарапынан көрсетілген көмек пен қолдау үшін ризашылықтарын білдірді.

Еске сала кетейік, бұдан бөлек, әр отбасы 7 млн теңге, сондай-ақ, қосымша әр балаға 2 млн теңге төленеді. Көмекке асыраушысынан айрылу бойынша жәрдемақы, біржолғы әлеуметтік төлем, сондай-ақ жайластырылған тұрғын үй беру кіреді. Сонымен қатар, қайтыс болғандар мен олардың отбасыларының несие жүктемесіне ықтимал есептен шығару үшін талдау жасалады.