Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды
Елімізде мүгедектігі бар балаларға берілетін жәрдемақы мөлшерін 37 пайызға дейін ұлғайту ұсынылды. Бүгін Мәжілісте азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Сондай-ақ, құжатта 1-топтағы мүгедек адамдардың күтушілеріне жәрдемақы енгізу қарастырылған. Әлеуметтік осал топтардың жағдайын жақсарту үшін тағы қандай шаралар қабылданбақ? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатады.
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заң жобасы талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов нормаға енгізілетін жаңашылықтарды таныстырды. Министр мүгедектігі бар балалардың жәрдемақысын 16-дан 37 пайызға дейін көтеруді ұсынды. Бұл шара қабылданса 30 мыңнан астам баланы қамтиды.
«Заң жобасында 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлу көзделеді. Бұл шара бала ауруының дәрежесіне қарай оңалту іс-шаралары мен әлеуметтік көмекті, оның ішінде жәрдемақылар мөлшерін саралауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ, заңда мәселен, мүгедек баланы асыраушы ата-ана ажырасып кеткен жағдайда балаға алимент пен мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы бір мезгілде төленеді. Немесе асыраушысынан айырылғаны үшін тағайындалатын төлемді мүгедектікке алатын жәрдемақымен бірге қосып алуға мүмкіндік туады. Ведомство басшысы осылайша балаларды кемсіту болмайды дейді. Бұдан бөлек, 1-топтағы мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын тұлғаларға да жәрдемақы беру ұсынылды. Нәтижесінде қамқорлыққа мұқтаж 24 мың адам қосымша күтімге жәрдемақы алады.
«Төртінші норма мынау жұмыс беруші яғни мүгедектігі бар адамдардың техникалық құралдармен қамтамасыз ете алмаған жағдайда мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі. Ол қалай? Мысалы банкротқа ұшыраған мекемелер кей уақытта олардың банкрот уақыты, яғни сот жүру процесінің уақыты 1-2 жылға дейін созылып кетеді. Өндірісте жүріп мүгедек болған азаматтар техникалық құралдарсыз қалып жатыр», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары Сырым Нәси.
Сонымен қатар, егер бұған дейін мүгедек бала өсіріп отырған жанұялар, тұрғын үй кезегінде тек бала кәмелетке толғанға дейін тұра алатын. Енді мұндай отбасылардың кезегі сақталады, яғни 18 жылдан кейін қайта кезекке тұруға мәжбүр болмайды. Осы ретте Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин бұл шараларды іске асырған кезде қағазбастылыққа жол бермей, цифрлық технологияларды тиімді пайдалануға назар аударды.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Денсаулық сақтау министрлігі қазірден бастап іс-қимылдың нақты алгоритмін жасақтауы керек. Ата-аналар тарапынан наразылық болмауы үшін ақпараттық жүйелердің барлық интеграциялық процестерін тез аяқтап, барлық қол жетімді технологияларды қолдануы тиіс», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасының желісі екінші оқылымға дейін әлі де талқыланып, жетілдірілетін болады. Ал қабылданатын болса, шамамен 400 мың азаматтың жағдайына оң әсерін тигізбек.
Назкен Еркін, Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы