765 миллион теңге әлі жүргізушілердің мойнында тұр
Қазақстанда жүрген шетел көліктері 60 мыңнан астам жол ережесін бұзған. Жыл басынан бері олардың иелеріне 800 миллион теңгеден астам айыппұл салынған екен. Алайда қомақты соманың тек 6,5 пайызы ғана төленген. 765 миллион теңге әлі жүргізушілердің мойнында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олар айыппұлдарын төлеуге асықпайтын сыңайлы. Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Әлібек Кеңесбаев шетел көліктерінің айыппұлдары тұрғылықты мекен-жай бойынша жіберілетінін айтады. Ол міндетті сақтандыру бойынша анықталады екен.
Қаңтар айынан бері Ресей, Қырғызстан, Беларусь және Армения елінен келген көліктердің қатысуымен мыңға жуық жол апаты тіркелген. 60-қа тарта адам қайтыс болып, 300-ден көбі жарақат алған.