Алматыда Қала күніне орай 265 отбасы пәтер кілттерін алды

20.09.2020 21:09

Баспана қаланың Түрксіб және Алатау аудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерден берілді

Almaty.tv

Алматы күнін мерекелеу аясында кезекте тұрған 265 адам қаланың коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматы әкімі Б. Сағынтаевтың атынан оның орынбасары Мұхит Әзірбаев кілттерді салтанатты түрде табыстау рәсімін өткізді. Баспана қаланың Түрксіб және Алатау аудандарында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлерден берілді.


Пәтер кілтін алған кезекте тұрған 265 адамның ішінде 29 жетім бала, 122 көп балалы отбасы, 26 I және II топтағы мүгедектер, 51 толық емес отбасы мүшелері және басқалары бар.

Биылғы жылдың басынан бері мұқтаж 1012 отбасы баспаналы болды. 2020 жылдың соңына дейін «жұмыс жастары» санатына жататын 350 азаматты тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда; «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санатындағы 293 адам; 325 көпбалалы отбасы.

Сонымен қатар, «Бақытты отбасы» республикалық бағдарламасы аясында бір жыл ішінде мың отбасы, ал «Алматы жастары 3.0» қалалық жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы бойынша тағы мың жас отбасы несиелік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.