Қазақстанның ауыл шаруашылық саласында мамандар жетіспейді

28.09.2022 21:10

Заңсыз берілген жер телімдерін қайтару жұмысы атқарылып жатыр

Almaty.tv

Қазақстанның ауыл шаруашылық саласында агроном, ветеринарлар мен зоотехник мамандар жетіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.


Өндіріс зауыттарының ішінде механизаторлар мен инженерлер де тапшы екен. Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген Ауыл шаруашылығы министрі елден білікті маман таппасақ, жақын орналасқан мемлекеттердің адамдарын алуға қарсы емес. Ал геосаяси жағдайға байланысты келіп жатқан азаматтар егер заң аясында тіркеліп, қызметін ұсынамын десе, оған да шектеу қоя алмайтынын жеткізді.

«Шаруашылық, өсімдік бағыты, мал шаруашылығы, соның ішінен іріктеп алатын болса, заңға сәйкес  тіркеуден өтіп, шығатын болса, оған ешқандай шектеу болмайды», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.

Сонымен қатар министр Президент тапсырмасына сәйкес, заңсыз берілген жер телімдерін қайтару бойынша қандай жұмыс атқарылып жатқанын да жіпке тізді. Ербол Қарашөкеевтың айтуынша, мемлекетке 3,84 миллион гектар пайдаланылмайтын жер қайтарылыпты. Сондай-ақ, 2023 жылдың соңына дейін заңнаманы бұза отырып берілген 10 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері бойынша нақты шешім қабылданған екен. Осы жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бірлігін бөле отырып, жер инспекциясын нығайту, сондай-ақ пайдаланылмайтын жерлерді анықтау бойынша мониторинг жүргізу ісін жергілікті әкімдіктердің мойнына жүктеу көзделген.

«Министрліктің Жер ресурстарын басқару комитетінің республика бойынша аумақтық бөлімшелері 2,7 млн. га алаңға жер пайдаланушыларға қатысты 1 077 жоспардан тыс тексеруді тіркеді, нәтижесінде 1,9 млн. га алаңға 732 ұйғарым енгізілді. 306,2 мың га алаң бойынша 107 материал сот органдарының қарауында жатыр. Тиісті шаралар қабылданғаннан кейін 1,3 млн.гектар ауыл шаруашылығы жерлері игеріле бастады», – деді ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев.