Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Павлодар облысында
Ұлттық статистика бюросы еліміз бойынша наурыз айындағы және бір жылдағы инфляция туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
2024 жылғы наурызда тұтыну бағаларының айлық индексі баяулап, 0,7% құрады (осы жылғы ақпанда – 1,1%). Ақылы қызметтер бағасы 1,1%, азық-түлік тауарлары 0,6%, азық-түлік емес тауарлар 0,5% өскен.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында су бұру тарифі 6,1%, электр энергиясына – 5,9%, суық суға – 4,4%, орталықтан жылытуға – 2,4%, ыстық суға 2,3% өсті. Қонақ үй қызметтері – 1,7%, қоғамдық тамақтандыру қызметтері – 1,2%, шаштараз қызметі 0,8% қымбаттаған.
Азық-түлік тауарлары санатында көкөністер мен жемістердің бағасы наурызда едәуір өскені байқалады. Оның ішінде алма 4,7%, жүзім, сәбіз 2,7%-дан, ақ қауданды қырыққабат 1,4% қымбаттаған. Бағаның өсуі құмшекерге 3,2%, жұмыртқаға – 1,5%, қышқыл сүт өнімдеріне 1,3%, сүтке, нанға 0,9%-дан тіркелді. Бұл ретте қияр 7,1%, күнбағыс майы 5,7%, басты пияз 5%, қарақұмық жармасы 3% арзандады.
Өңірлер арасында ең жоғары айлық инфляция Павлодар облысында (2,1%), ал ең төменгі инфляция Түркістан облысында (0,2%) тіркелді.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары азық-түлік тауарларының бағалары Жетісу облысында 1,1%, азық-түлік емес тауарлар Шымкент қаласында 1,2%, ақылы қызметтер Павлодар облысында 5,8% өскен.
Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы Республикалық штабтың отырысын өткізді