Бүгін Алматы қаласында «Арыс балаларына» атты Қазақстан халқы ассамблеясы аналар кеңесінің республикалық акциясы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аналар кеңесі және қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен белсенділері қатысқан жиында Арысқа көмек ретінде тағы 13 тонна балаларға арналған киім-кешек, ойыншықтар мен оқу құралдары жөнелтілгені жайында мәлімет жария етілді.
Шараға қатысушылар ең алдымен балаларға назар аударып, қажетті заттарды тез арада жіберу керектігін айтты. Басқосуда жалпы осы бір қайғылы жағдайдың хронологиясы талқыланып, қандай көмек көрсетілгені және алдағы уақытта әлі қай жағынан қолдау керектігі талқыланды.
«Біз Шымкент қаласындағы этномәдени қауымдастығымен тығыз байланыстамыз. Әр 3-4 сағат сайын хабарласып, жағдай сұрап тұрамыз. Бүгінде Арыс тұрғындарына 13 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді. Бүгінгі басқосуда біз бірнеше қауымдастық өкілдері Арыстық ағайынға тағы қандай көмек керек екенін талқыладық. Көмек осымен тоқтап қалмайды. Әрі қарай да жалғастыра береміз. Барша алматылықтарға алғыс айтқым келеді. Қол ұшын созамыз деген кезде бірден қолдай кетті», – деді Алматы қалалық мәслихатының депутаты Нұрия НИЯЗОВА.