Іс жүзінде бағдарлама 3,5 мың ауылдың тек 665-ін ғана қамтыған
«Ауыл - ел бесігі» жобасы үш жылда 18 пайызға ғана орындалған. Мәжілістің Үкімет сағатында депутат Альберт Рау осындай ақпарат айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұлттық экономика министріне сұрақтарды қарша боратқан депутаттар қомақты қаражат бөлінгенмен елдімекендердің көбі елеусіз қалғанын жеткізді. Ал, ең алдымен көңіл бөлінуі керек жолдар, жұмыссыздық, медициналық қызмет пен білім көптің көңілінен шықпайды. Мәжіліс мінберінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров «Ауыл – ел бесігі» жобасына 2019-2021 жылдары 206 млрд теңге бөлінгенін, ал алдағы төрт жылдың ішінде тағы 670 млрд теңге бөлу жоспарланғанын мәлімдеді. Министр баяндамасын аяқтаған бойда мәжілісмендер кезек-кезек жұмсалған қаражаттың нәтижесін сұрады. Депутат Альберт Раудың дерегінше, іс жүзінде бағдарлама 3 жарым мың ауылдың тек 665-ін ғана қамтыған. Яғни 18 пайыз ғана ілгерілеу болған.
«Егер бір ауылда бір жоба жүзеге асырылса, оған мемлекеттік органдар жақын арада қайта тоқталмайды деген пікір бар. Жаңғыртылған ауыл деген осы ма? Барлық стандарттар орындалған, дерлік проблемалары шешілген ауылды ғана «жаңғыртылған ауыл» деп атау керек. Тіпті республикалық бюджеттен аудандық аурухананы жөндеуге қаражаттың қайта бөлінуі жобалардың санын көбейту үшін жасалғандай ой қалдырады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Альберт Рау.
Сонымен қатар елдімекендерде салынған бірдей нысандардың құрылыс құнында елеулі айырмашылықтың болуы да күмән тудырып отыр.
«Бірдей қуаты бар жобаларға қаржат бөлу ондаған немесе одан да көп айырмашылықты құрап отыр. Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Шалқия кентіндегі 150 орындық ауылдық клубтың құрылысы 50 млн теңгені құраса, дәл сол 150 орынға арналған клубтың Алматы облысы Алакөл ауданы Ақтүбек ауылындағы құрылысы 518 млн-нан астам қаржыны құрады. Айырмашылық 10 есеге жеткен. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Не себепті министрлік қуаттылығы бірдей нысандар құны бойынша елеулі айырмашылыққа жол берген», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов.
Маңызды жобаның жүзеге асу барысы, Үкімет мүшелерінің жауабы депутаттардың көңілінен шықпаған сыңайлы.
«Ауыл - ел бесігі» атауы керемет бағдарлама бастапқы кезде жоспар жақсы болған. Бірақ бүгінгі біздің депутаттар жақсы сұрақтар қойды. Үкімет мүшелері бұл сұрақтарға дайын болмаған сияқты. Көп жауаптарға біз қанағаттанған жоқпыз. Халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, қандай проблемалар ба сол жерде ақылдасып шешуге жұмыс жасап жатқан министрді көріп отырған жоқпыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев.
Себебі Үкімет сағатында жылдар бойы қордаланып, шешімін таппай келе жатқан ауылдағы түйткілдер тілге тиек етілді. Атап өтсек, жұмыссыздық, жас мамандарды тарту мақсатында тұрғын үй құрылысын жүргізу, жайылымдық жерлердің жоқтығы, ауыл кәсіпкерінің мүмкіндігінің шектелуі, шаруаларға салықпен қысым көрсету, интернет сапасының нашарлығы секілді мәселелер көтерілгенмен жоба аясында олар қаншалықты шешім тапқаны немесе табатынына мардымды жауап берілмеді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан