«Үлкен Алматы» өзенінің жағалауы қауіпті аймаққа айналды

03.08.2019 00:39

Бүгінде ойылған жерлердің көлемі 300 шаршы метрді құрайды

«Үлкен Алматы» өзенінің жағалауында жүруден қалдық. Қос қапталдағы ойық жерлер жүргіншілерді әбден әбігерге салған. Адамдар аталған аумақта түнгі уақытта мұнда келудің өзі қорқынышты дейді. Бүлінген асфальттың суретін арнамыздың WhatsApp нөміріне қала тұрғыны жолдап, мәселені билікке жеткізуді сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Үлкен Алматы» өзенінің жағалауына құдды бір ірі тастар құлаған секілді. Ойықтардың тереңдігі тізеге жетеді. Мұндағы жүргіншілер аяғымызды абайлап басатын болдық дейді. Тіпті, күн ұзарғалы өзеннің бойымен жүгіруді де доғарыпты.

«Менің өзен жағалауында жүгіре бастағаныма 5 жылдай болды. Мұндағы басты мәселе, екі шетіндегі асфальт жиі ойылып кетеді. Ол тұрғындарға ыңғайсыздық тудырады. Тезірек қалпына келтірсе екен дейміз», – дейді бір тұрғын.

«Түнде мұнда жарық түспейді. Өзен жағалауында жүріп салқындағың келеді. Бірақ аңдаусызда шұңқырға түсіп кетеміз бе деп қорқамыз», – деді келесі бірі.

«Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің мамандары аталған аумақты жөндейміз деп уәде берді. Әр жылдың басында «Үлкен Алматы» өзенінің аумағы тексеріліп, бүлінген жерлер тізімге алынады. Алайда, жыл басынан бері жағалаудың жаңартылмай жатқанын маман былай түсіндірді.

«Осы уақытқа дейін бізде конкурсный процедура деген бар. Өзі согласно план финансирования. Біз объявления бердік. Одан қатысушылар қатысып, жеңімпаз белгілі болды. Енді қазір ремонтты бастауға дайын тұрмыз біздер», –  «Қазселденқорғау» ММ Алматы қаласы филиалының бөлім басшысы Нұрлан АЯТОВ.

Үлкен Алматы өзенінің қос қапталы «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің құзырында. Мамандардың сөзінше, бүгінде ойылған жерлердің көлемі 300 шаршы метрді құрайды.  Жыл басында мұндай ойық жерлер 52 шаршы метр болған. Енді биыл, 2019 жылдың соңына дейін сол 52 шаршы метр тақтайдай тегістеледі. Қалғанын келесі жылдан бастап, кезең-кезең бойынша жаңартылып отырады. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары ертеңнен басталады.  

Өмір Әнуарбек, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы