Қазақстанда ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті құрылады

20.06.2024 22:03

Тиісті жоба Ашық нормативтік құқықтық актілер порталына шығарылды

Almaty.tv

Қазақстанда ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті құрылады. Қазір тиісті жоба Ашық нормативтік құқықтық актілер порталына шығарылды. Ол 24 маусымға дейін қоғам талқысында болады. Жаңа комитеттің жұмысына не кіреді? Сұраққа «Алматы» телеарнасының Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитеті басқармасының бас сарапшысы Мақсат Шуанов жауап береді.

– Мақсат Айтбайұлы, Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті саланы қалай реттейді? Комитет немен айналысады?

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР туризм және спорт министрлігінің тарапынан Ойын бизнесі және лотереяны реттеу комитеті бөлініп шығуда. Қазір қаулы жобасы Үкіметте қаралып жатыр. Негізі мақсаты – ойын бизнесі саласындағы заңдарды реттеу. Лудоманияға жол бермеу және лицензияланған букмекерлік кеңселермен казино ойын автомат залдарының жұмысын, қызметін бақылау.

– Заңсыз ойын бизнесімен айналысқандарды комитет анықтап, жауапқа тарта ма?

– Иә, ҚР заңы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Интернет желісінде лотереялар көп ойнатылуда. Оның бәрі заңсыз. Олардың бәріне жауапкершілік көзделген. Алдағы уақытта жаңа заң жобасы қабылдануда. Ол кезде қылмыстық жауапкершілік  көзделіп отыр.

– Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы қандай шаралар қолға алынған?

– Заңсыз ойын бизнестері лудомания жаңағы айтып өткендей әкімшілік жауапкершілік көзделеді. Алдағы уақытта қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Қазір өздеріңізге белгілі, интернет желісінде көптеген лотерея ойнатамыз, болмаса автокөлік тігіп, пәтерін ұтысқа тігіп жатқан мәліметтер бар. Олардың бәрі заңсыз болып есептелінеді. Жарнамаларға тосқауыл қоятын боламыз. Биыл 6 мың онлайн интернет казиноның иесін бұғаттадық. Айта кететін мәселе - бүгін біреуін бұғаттасақ, ертең екіншісі шығады. Бұл – тоқтамайтын күрес. Бірақ жұмыс жалғаса береді.