Латын әліпбиінің тағы бір нұсқасы әзірленді

Латын әліпбиінің тағы бір нұсқасы әзірленді
Кириллге әбден үйреніп кеткендер үшін амалсыз ч,в, ф, h секілді 4 таңба енгізіліп отыр екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ тілін латын графикасына көшіру жөніндегі жұмыс тобы мен ғылыми-зерттеу институтарының тіл мамандары қабылдаған ортақ шешімі бойынша 32 таңбадан тұратын әліпби енді үкіметке жолданбақ. Ғалымдардың есебінше, әліпбидің соңғы нұсқасы жұртқа барынша ұғынықты болуы керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Біздің кей дыбыстарымыз орыс тілінде таңбаланбаған. Өйткені оларда ондай дыбыс болмаған. Мысалы «w». Оны біресе в-мен жазған Кокчетв деп, біресе у-мен жазған. Бірсе дауысты, біресе дауыссыз деп шығарған. Бізде «у» – тек дауыссыз дыбыс. Мысалы, тау, ауа, сауап дегендегі «w» деген дауыссыз дыбыс», – дейді А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Ерден ҚАЖЫБЕК.

Филология ғымдарының докторы Ерден Қажыбектің түсіндіруі бойынша, «су»деген сөз кирилл қарпімен былай жазылса, жаңа латын графикасында «suw» осылай жазылуы қажет. Мұның себебін профессор Әлімхан Жүнісбек тәптіштеп түсіндіріп беруге тырысты.

«Міне – су. Дұрысы осы. Ал мына жерге у-ды жаза берсек, мына дыбысымыздан айрылып қаламыз.  Ұ-ны қосу керек. Қазіргі ұрпаққа ол ерсі көрінуі мүмкін. Кейін үйреніп кетуі керек. Ал тіліміздің заңдылығы осыны сұрап тұр. Үш рет әліпби қабылдап, үшеуі де халыққа сіңбей жатыр. Себебі тіліміздің тазалығы сақталмайды», – дейді филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан ЖҮНІСБЕК.

«Бүгінгі әліпби қабылданар болса, проблема шешіледі. Өйткені, бұл нұсқаға «w» еніп отыр. Тау дегендегі дауыссыз у-дың орнына. Біз осы кезекте дауысты у мен дауыссыз у мәселесін бөліп алу жағын шешеміз. Бір ғасыр бойы келе жатқан у мен и мәселесі біршама шешіледі», – деді филология ғылымының докторы Анар САЛҚЫНБАЙ.

Яғни, қазақ тілнің тазалығы әуелі жасырын тұрған дыбысты ашудан басталады дейді тіл мамандары. Кирилл қарпімен жазуды, оқуды әбден үйреніп кеткен қоғам үшін, латын әліпбиіне амалсыздан төрт таңба енгізіліп отыр екен.

«Қазір орыс сөзінің үлгілерінен құтыла алмай жатырмыз. Соған әбден үйренген адамдарымыз бар арамызда. Солар "анау қайда, мынау қайда?" деп, футболды не деп, вагонды не деп жазамыз дегеннен кейін, амал жоқ, 4 таңбаны кіргіздік. Ол жаңағы ч,в, ф, сосын h. Осы төрт таңба жүр енді. Амал жоқ, кіргізіп отырмыз», – деді филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан ЖҮНІСБЕК..

Латын әліпбиіне көшу – кирилл қаріпімен жазылған қате сөздердің барлығын түзейді дейді мамандар. Тілдің бұзылған заңдылығын, сақталмаған сингармонизмді қайта ретке келтіруге мүмкіндік мол. Оған қоса латынша жазу кірме сөздердің қазақ тіліне ыңғайлы аударылуына сеп береді.

Әйгерім Ердәулет, Әсет Құндақбаев «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров