Алматыда қарилар біліктілігін арттыруға бағытталған курс басталды

29.03.2022 21:14

Дәрісте жас имамдар көкейкесті сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті мәліметті бойға сіңірді

Almaty.tv

Алматыда қарилардың біліктілігін арттыруға бағытталған «21 ғасыр имамы» атты курс басталды. Онда қала бойынша іріктеліп алынған 35 білімгер әлеуметтік желі арқылы діни сауат ашуды және деструктивті ағымдардан сақ болуды үйренді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Дәрісте жас имамдар көкейкесті сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті мәліметті бойға сіңірді. Қалалық Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымовтың айтуынша, бұл іс-шара 3 күнге жалғаспақ.   

«Қазір жастардың көбі білімді ғаламтордан алуға тырысады. Мешітке, имамдарға жолықпайды. Сондықтан бұл салада жұмысты ұлғайтуға тырысып жатырмыз», - деді Дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.

Болашақ имамдарды даярлайтын мұндай шаралардың мақсаты – қоғамды теріс ағымдардан қорғау. Осылай деген қаланың бас имамы Төлеби Оспан көпшілікті деструктивті діни ағымдардан және олардың теріс ақпарынан сақ болуға шақырды. Сондықтан Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ақпарат көздеріне жүгінген жөн деді.  

«Қазіргі таңда ҚМДБ-ға қарасты әлеуметтік желілер болсын, каналдарында және сайттарында толық мәліметті қазақ, орыс тілінде табуға мүмкіндік бар. Діни тақырыптағы сұрақтарға жауап беретін мүмкіндік те бар. Сондай-ақ Алматы, Нұр-Сұлтан қаласында, тіпті мүфтияттың өзінде арнайы call-орталықтар 24 сағат жұмыс істейді. Бұл да халықтың діни сұрағына дер кезінде жауап алуына мүмкіндік береді», - деді Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан.