Қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру керек - Нұртөре Жүсіп

05.10.2023 в 21:14

Сенатта Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім мақұлданды

Қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру керек. Осылай деп дабыл қаққан депутат Нұртөре Жүсіп зайырлы мемлекеттегі қазіргі ахуалға алаңдайтынын жеткізді. Жоғары палатаның бүгінгі отырысында сенатор диструктивті діни ағымдар туралы депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жат ағымның жетегіндегілер қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр. Олар қоғам үшін аса қауіпті болуы мүмкін. Сенатор депутаттық сауалын осылай бастады. Нұртөре Жүсіп қоғамды бүлдіргі діни ағымдардан қорғайтын заңды жетілдіру керек деген ұсыныс жасады. Ол «домбыра, сәлем салу харам, елдің бәрі хиджаб пен ниқаб киюі керек» деген талаптар Конституциямызға қайшы келетінін аттап өтті.

– Шет мемлекеттерден білім алған азаматтардың ұстанымын, дәстүрлі дінге сәйкестігін тиісті деңгейде аттестациялау мәселесін ұсынып жатырмыз. Осындай түйткілді дүниенің барлығы қоғамды тұрақтылықты бұзатын жағдайға жеткізеді, – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп.

Қазақстан мен Қытай екі ел азаматтары туралы ақпарат алмасады. Сенат бүгін заң жобасын мақұлдады. Құжат қос ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуды көздейді. Жобаны таныстырған Қайрат Тастекеев бастаманың басты артықшылығына тоқталды. Оның ақпарынша, бұған дейін екі ел арасында түрлі салада 250-ден аса халықаралық келісімшарт жасалған.

– Біріншіден, визасыз келген-шыққан азаматтар бойынша, екіншіден, виза режимін бұзғаны туралы ақпарат алмасу. Үшіншіден, виза алып, кірген-шыққан азаматтар туралы және төртіншіден екі азаматтығы бар азаматтар туралы ақпарат алмасады, – деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев.  

Сенатта Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісім мақұлданды. Заң жобасы түркі әлемінің экономикалық интеграциясының алғашқы бірлескен қаржы ұйымын, яғни арнайы инвестициялық Қорын құру үшін әзірленіп отыр. Бастама аясында түркітілдес мемлекеттерде инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыратын болады. Қорға мүше 5 мемлекет қаржы ұйымына 70 миллион АҚШ долларынан бөледі.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астана