|
17.07.2023 | 19:33
2747

Қызылордада конго-қырым геморрагиялық қызбасынан 3 тұрғын көз жұмды

Зиянкестерді улау жұмыстарына 242 миллион теңге бөлінген

Қызылордада конго-қырым геморрагиялық қызбасынан 3 тұрғын көз жұмды yandex.kz

Қызылордада кенеден келетін кесел үдеп барады. Соңғы 2 аптада конго-қырым геморрагиялық қызбасынан 3 тұрғын қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл бейнежазба Шиелі ауданындағы түсірілген. Жайылымда жүрген жылқының кененің кесірінен көтерем күйге түскені көрініп-ақ тұр. Зиянкес төрт түлік түгілі, адамды да аяп жатқан жоқ. Соңғы 2 аптада конго-қырым геморрагиялық қызбасынан 3 тұрғын ажал құшты. Оның екеуі – облысқа қарасты Шиелі ауданының азаматтары.

– Үйдің алдына кіріп кетіп жатқаны бұрындары шашып жүріп у себетін еді, биыл ондай болған жоқ. Бюджеттен ақша бөлінбепті. «Көрдік, айтып жатырмыз, жан-жаққа шығып жатырмыз. Заңдылық мынадай» дейді, бізге заңдылықтың керегі жоқ. Дәл сол кезде шара қолдану керек қой, ауылға келіп дәрісін сепсін. Заңдылықты айтып жүргенде 6 ай өтіп кетеді, – деді Қарғалы ауылдық округінің тұрғыны Алдаберген Қожаназаров.

– Кене өріп жүр, үйге дейін кірді. Аудан әкімінің орынбасары Әпетовке звандағанмын. Оның айтуынша, ақша бөлінбеген. Себебі ол жақтан зиянды кене табылмаған. Айналаның бәрі кене ғой, қалай өмір сүреміз? Қолымыздан келгенше улап жатырмыз, зияны, зиянсыз кене екенін қайдан білеміз? – деді Қарғалы ауылдық округінің тұрғыны Мереке Шорабекова.

Ал жауапты сала мамандарының айтуынша, зиянкестерді улау жұмыстары қолайсыз деп танылған барлық аймақта кестеге сай жүргізілген. Ол үшін облыс қазынасынан 242 миллион теңге қаржы бөлінген.

– Барлық 106 елді мекеннің ішінде 556 мың мал басы бар. Оның ішінде, яғни 2 млн 335 мың шаршы метр қора, суаттар креолин-х ертіндісімен залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Яғни, мемлекеттік сатып алу ашық конкурсының нәтижесі бойынша 4 мердігер мекеме анықталды. Осы мекемелермен келісімшарт жасалды, – деді «Жұмылдыру және шұғыл жұмыстар орталығы» КММ Директорының міндетін атқарушы Бауыржан Садықов.  

Қолданыстағы заңнамалық талап бойынша зиянкестерді улауға арналған препарат жиі ауыстырылып отыруы тиіс. Алайда бұл талаптың қаншалықты орындалып жатқаны да беймәлім. Тіпті залалсыздандыру жұмыстарының қай деңгейде жүргізілгенін де ешкім қадағаламайтын көрінеді. Себебі мемлекеттік сатып алу негізінде жеңімпаз атанған мердігер мекемені бақылайтын нақты тетік жоқ екен.

– Бұл мәселенің көтерілгеніне көп болды. Өйткені бұл – үлкен проблема. Ақтөбеден, Шымкенттен мердігер мекемелер келіп, ұтып алады. Келеді, кетеді. Ал біз оларды қазіргі заң талабының шектеулеріне байланысты тексере алмаймыз, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Мамандар кенемен күресте нақты алгоритм бекітілмегенін растап отыр. Дегенмен қол қусырып қарап отыруға болмайды. Түптеп келгенде әр азамат жеке бас қауіпсіздігін қаперде ұстауы қажет. Айта кетейік, улы кене шаққан жағдайда дене қызуы бірден 39-40 градусқа дейін көтеріліп, бас ауырады. Адамның көзі қызарып, құсу, іш ауруы кезінде кездесетін белгілер байқалады.

Төрт түлік малдан келетін қауіп басылар емес. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментін Конго-Қырым қызбасынан бөлек, бруцеллез ауруының өршуі алаңдатуда. Жыл басынан бері 19 дерек анықталған. «Адам шығыны болмаса да, дер кезінде дәрігерге қаралмаса аурудың салдары мүгедектікке әкеп соғуы мүмкін» дейді мамандар.

– Ауру ошақтарында індетке қарсы барлық іс-шаралар жүргізілді, қарым-қатынаста болған 66 адам зертханалық тексерумен қамтылды, ошақтан 1 науқас анықталды. Барлығы медициналық бақылауға алынды. Аурудың негізгі көзі – жануарлар. Сарып ауруы адамға көбінесе жанасу мен алиментарлы жолдар арқылы жұғады, – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айман Жанахаева.

Қызылорда облысы бойынша биылдың 5 айында сарып ауруының 19 дерегі анықталды. Жаңақорған ауданында 3, Қармақшы ауданында 6, Жалағаш ауданында 1 және Қызылорда қаласында 9 жағдай есепке алынды. Мамандар дер кезінде дәрігерге қаралмаса, бруцеллез асқынып, мүгедектікке әкеп соқтыруы мүмкін деп дабыл қағуда.

Азамат Әуезхан, Төрехан Қожахметов, «Алматы» телеарнасы, Қызылордадан


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир