Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация өкілдері депутаттармен кездесті
Алматыда 170 мың тонна көлеміндегі азық-түлік тауарларын сақтайтын қойма жетіспейді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ өңірлердегі тауар өндірушілері мен жеткізушілері, олардың өндіріс көлемі, шарттары мен сату бағасы туралы ақпараттардың жоқтығы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға кедергі келтіреді. Бүгін «Алматы «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» өкілдері Сенат депутаттарымен кездесу барысында осындай бірқатар мәселені көтерді. Сонымен қатар сала мамандары әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялардың құқықтық мәртебесіне, жұмыс істеу тәртібіне қатысты өз алдына жаңа заңнама қабылдау қажеттігі туып отқанын жеткізді. Жалпы қаланың әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы шағын және орта бизнесті қолдау бойынша 420-дан аса жобаны жүзеге асырған. Ал индустриалды аймақ арқылы осы күнге дейін 71 жоба іске қосылыпты.
«Бүгін өте конструктивті талқылау болды. Сенат депутаттары агломерацияға, қаланың дамуына байланысты қабылданған заңнамаларды түсіндірді. Сондай-ақ 2008 жылдан бері жобасы жасалып келе жатқан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация туралы заңнаманың әлі қабылданбағандығы да сөз болды. Әріптестеріміз өз тарапынан барынша қол ұшын созып, мәселелердің оңынан шешілуіне ықпал ететіндерін жеткізді», – деді «Алматы» ӘКК» ақ басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ғабдуллин.
Бұдан бөлек кездесу кезінде студенттердің әлеуметтік жағдайы, жатақхана салуға жер бөлу, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері талқыланды. Депутаттар қордаланған мәселелер мен қоғамдық кеңестер, ұйымдар көтерген түйткілдерді жинақтап, Сенаттың тиісті комитетіне ұсынады. Қажет болған жағдайда ұсыныстар қабылданатын заңдар мен нормаларға енгізіледі.
«Шешілуге тиісті сұрақтар бар. Оның ішінде салықтық жеңілдіктерге байланысты, несиелік кепілдіктерге қатысты, жастарға берілетін қаражатты игеру мәселесі бар. Бизнес жобаларды жасау, оларды жүзеге асыру деген мәселенің барлығы бір-бірімен қабаттас жүретін сұрақтар. Шешу жолдарын алдағы уақытта тағы да қадағалайтын боламыз», – деді ҚР Парламенті Сенаты Нұртөре Жүсіп.