Өкінішке орай олардың көбі кәмелет жасына толмағандар. Ол аздай есірткі түрлерін ашық түрде жарнамалап, кәсіпке айналдырғандардың саны да азаймай отыр. Енді мұндай көлеңкелі бизнеспен айналысқандарға биылдан бастап жаңа заң жобасы бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Ол ертең, яғни қаңтардың он бірі күні күшіне енеді. Кінәлілер үшін жаңа заңның жазасы қандай болмақ?
Ескірткіге еліккендер мен желіккендер. Соңғы кезде оны пайдаланатындардың қатары көбейген. Алматы қалалық прокуроратурсының ақпаратына сүйенсек, нашақорлардың басым бөлігі 16 жастағы жасөспірімдер екен. Әсіресе құзырлы орган өкілдерін жеткіншектер санының жыл санап өсіп бара жатқандығы қатты алаңдатып отыр. Ауыр есіртікі түрлерін сатып, тарататындармен күрес едәуір күшейтілмек.
«2019 жылдың қазан айында Алматы қаласының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті прокуратурамен бірлесіп, 2 кг синтетикалық есірткі, 526 литр перекурсорлар тәркіленген лаборотория анықталды. Қазір күдікті ұсталып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша, мекенжай бойынша, визит карточкалары мен оттық алынды»,-деді Қалалық прокуратураның қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры Жандос ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.
Айта кету керек. Жыл өткен сайын есірткінің түрлері де көбейіп келеді. Сәйкесінше, оны саудалайтындардың, ол аздай жарнамалайтындардың да саны өскен. Бүгінде есірткі бизнесін домалатудың белсенді аумағы - интернет желісі.
Себеп - сатып алу айтарлықтай оңай әрі қауіпсіз деп санайды олар. Бірақ арасында ұсталып жатқандары да аз емес. Ал бұған дейін көше тақтайшаларына есірткі саудасын жарнамалағандар тек айыппұл беріп құтылса, енді құйтырқы іспен айналысқандарға тықыр таянды. Ертеңнен бастап жаңа заң жобасы күшіне енеді. Бұдан былай, есірткі саудасын жарнамалағандарға қылмыстық іс қозғалып, бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
«Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне 2020 жылдың 11 қаңтарынан бастап, жаңа 299-1 бабы «есірткіні насихаттау мен заңсыз жарнамалау» заңдық күшіне енеді. Ол екі бөліктен тұрады, 1 бөлік - 3 жылға дейін, 2-ші 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Заңның екінші бөлігі аса ауыр қылмыс жасағандар үшін қолданылады»,-деді Қалалық прокуратураның қылмыстық қудалау басқармасының аға прокуроры Жандос ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.
Өткен жылы елімізде 2 тонна 144 келі есірткі тәркіленіп, 900 қылмыс тіркелген. Тауарды сайт арқылы сатып жүргендерге де жыл сайын тосқауыл қойылып келеді. Мәселен, 2017 жылы сондай төрт жүздей сайт бұғатталса, өткен жылы олардың саны бес мыңға жеткен. Мамандар тұрғындардан көшеде есірткі жарнамасын көрген жағдайда дер кезінде 102 нөміріне хабарлауды сұрайды.
Ұлағат Арғын, «Алматы» телеарнасы