Қазақстандық бизнесмендердің 6 жарым миллиард теңге көлеміндегі борышы кешірілді. Бұл өсімпұлдар мен айыппұлдар. Жалпы елімізде 45 мыңға жуық салық төлеуші салық рақымшылығының игілігін көрген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Салықтық рақымшылық қолданылғанған салық төлеушілердің жалпы саны 44 397 құрады. Төленген берешек 18,4 млрд теңге. Ал есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдар 6,5 млрд теңгені көрсетіп отыр», - деді ҚР Қаржы министрінің орынбасары Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ.
Салықтық рақымшылықты қолданған кәсіпкерлердің басым бөлігі Алматы қаласында. Бұл шағын және орта бизнестің 6 513 субъектісі. Бұдан соң Түркістан, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы тұр.
«Өсімақылар мен айыппұлдардың қомақты сомасы Алматы қаласының бизнесмендеріне кешірілген. 1 миллиард теңгеден асады. Ақтөбе облысында 1 миллиард теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 750 миллион теңге, ал Қостанай облысында 413 миллион теңге кешірілген», - ҚР Қаржы министрінің орынбасары Берік ШОЛПАНҚҰЛОВ.