1 маусым – Балаларды қорғау күніне орай «Алматы» телеарнасы балалар үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтады.
Ұжым қызметкерлері алдымен Бағанашылда орналасқан №1 облыстық балалар үйіне барып, «Сәуле» кондитерлік фабрикасының тәттілерін сыйға тартып, ізгі тілегін білдірді.
Айта кетейік, қазір аталған мекемеде 150 тәрбиеленуші бар. Барлығы сыйлыққа риза болып, арна ұжымына алғысын білдірді.
– «Алматы» телеарнасының ұжымына рахмет! Алла разы болсын! – деді Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Аружан Бейсенбекова.
– Көп рахмет! Сіздерге ақша көп болсын деп тілеймін. Ауырмаңыздар! – деді Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Линда Чернышева.
Телеарна ұжымы 30-ға жуық бөбекті тәрбиелеп отырған «Перзент» балалар үйіне де барды. Бұл мекеме 20 жылдан бері қараусыз қалған жеткіншектерді бағып, рухани тәрбиелеп қана қоймай, жастайынан еңбекке баулиды.
– Бала баққаныма 30 жыл болады. Балалар үйінен шығарып тастаған жасөспірімдерді бауырыма бастым. Сол жігіттердің үлкені 43 жасқа толды, – деді «Перзент» балалар үйінің директоры Әмина Әжібаева.
Айта кетейік, бұл арна ұжымының ұйымдастырып отырған алғашқы қайырымдылық іс-шарасы емес. Бұған дейін «Алматы» телеарнасы 25 жылдық мерейтой аясында БАҚ өкілдері арасында футболдан республикалық турнир, жас ақындарды қолдау мақсатындағы республикалық жыр мүшайрасы мен сұлулық сайысын өткізген. Іс-шаралар легі жыл соңына дейін жалғасады.
Оқи отырыңыз: Алматы – сүйікті қалам: мегаполисте республикалық жыр мүшәйрасы өтті