Технологияның қарыштап, секунд сайын дамып жатқан заманында еліміздің жас таланттары тағы бір жаңалықпен көзге түсті. Алматылық инженерлер скуд-карта ойлап тапты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Security карталары – кез келген мекемеге қауіпсіз кіріп, жүйелі түрде бақылау жүргізуге арналған электрондық жүйе. Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің студенттері былтыр күзде жоба жасауға кіріскен. Жас ғалымдардың айтуынша, жаңа технология кіріп-шығуды бақылау қызметін кез-келген картаға жүктей алады.
– Ректор бізге идеяны таныстырып, «жасай аласыңдар ма?» деп сұрады. Ойланып, жобаны бастап кеттік. Бұл проектінің ерекшелігі бір ғана карта емес, барлық NFC-ге құзыреті бар карталарды тіркеп, істетуге болады. Пайдасын айта кетсек, шетелден кіргізілген жүйе бақылауда болуы мүмкін. Ал өзіміз ұсынған жоба арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ете аламыз, – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің студенті Ақжол Нұрданаұлы.
Жас ғалымдардың ойлап тапқан шешімі жүйені оңтайландыруға септігін тигізеді. Жобаны жасауда қажетті құралдар тек шетелде болғандықтан, өнертапқыштар біршама қиындыққа тап болғанын жасырмады. Олар сынақ мерзімінің нәтижесін күтеді.
– SmartLock жобасы былтыр қазанда басталды. Бөлшектерді алып, құрастырып, кодын жасау үшін 1-2 ай кетті. Сынақ мерзімі біткеннен кейін, бағасын жобалап, сатылымға шығарамыз. Мектептерге, балабақшаларға, мемлекеттік мекемелерге қоюға болады, – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің ғылыми қызметкері Үсен Шылмырза.
Шетелден келген профессор Джошуа Дамилола отандық өнертапқыштардың жұмысын жоғары бағалап, ерекше әсер алғанын айтты. Мұғалім «күнделікті өмірді жеңілдетіп, қауіпсіздікті арттыратын карталар болашақта халықаралық сұранысқа ие болуы мүмкін» дейді.
– Бұл жобаны көзбен көріп, бағалау керек. Қатты таңдандым. Жас ғалымдардың аз уақыт ішінде үлкен жобаны жасап шығарғаны қуантады. Жастарға қолдау қажет. Олар тек карта емес, төлемді бақылайтын сайт жасады. Студенттердің болашағы жарқын болары сөзсіз. Бұл – тек бастама! – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің шақырылған профессоры Джошуа Дамилола.
Талантты жастардың туындысы – еліміздің ғылыми-технологиялық өрлеуінің жарқын көрінісі. Инновациялық жоба жергілікті өндірістің шығынын азайтып қана қоймай, технологияны енгізу мен дамытуға мүмкіндік тудырып отыр.
Әйкерім Пернебек, Ханкелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Тасымал қызметін оңтайландыратын жаңа қосымша пайда болды