Онда 70-ке жуық адам жұмыс істейді
Президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбековтің Ақмола облыстындағы белсенділері Степногор қаласындағы машина жасау зауытына барды. Олар өндіріс орнының ұжымымен кездесіп, партия бағдарламасымен таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Целингормаш» зауыты – коммунистер партиясының сайлауалды үгіт жұмыстары аясында аралаған алғашқы кәсіпорын. Мұнда 70-ке жуық адам еңбек етеді. Кездесу барысында жұмысшылар жалақыны көтеру, қызметкерлерді жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету сынды өзекті мәселелерді қозғады.
«Жиында партия бағдарламасы тиянақты түсіндіріліп, негізгі бағыттары айтылды. Жұмысшылардың сұрақтарына жан-жақты жауап берілді. Әлеуметтік жағдай әрдайым назарда болуы керек», – деді «Целингормаш» ЖШС директоры Жеңсікбай ОЛЖАБАЕВ.
Сапар кезінде белсенділер партияның соңғы 15 жылда атқарған жұмысына тоқталды. «Барлығы еңбек адамы үшін» деген ұранды алға тартқан олар, капитализм өкілдерінің қарапайым жұмысшылардың жағдайынан бейхабар келетінін айтты. Сондықтан алдағы сайлауда жұмысшыларды өз кандидатын қолдауға шақырды.
«Партия кандидаты зауыт жұмысшыларының мәселелерін Мәжілісте, Парламентте көтереді. Осы тұрғыда қызық және керек сұхбат болды», – деді ҚКХП-ның Ақмола облыстық комитетінің бірінші хатшысы Бейсенбай МӘЖИТОВ.